14.06.2019, 11:55
Қараулар: 814
Азия чемпионатынан алтын тақты

Азия чемпионатынан алтын тақты

 6-12 маусым күндері Қырғызстан Республикасы Шолпан-ата қаласында қол күресінен өткен (армрестлинг) XVIII Азия чемпионатына Қазақстан құрама командасының сапында жерлестеріміз қатысып, олжалы оралды.

Чемпионатқа жалпы 14 елден келген 1000-ға жуық спортшы қатысқан. Өз елдерінің намыстарын қорғай келген құрышбілектілер мықтылықтарын дәлелдеу үшін жандарын салды.

Аталған Азия чемпионатына Батыс Қазақстан облысынан 15 спортшы барған болса, соның екеуі қаратөбелік спортшылар. Байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындықпен барған жерлес спортшылар үздік нәтижеге қол жеткізді. 2001-2003 жылы туылған жасөспірімдер арасында 50 келі салмақ дәрежесінде Ержан Ерболат қарсыластарынан оқ бойы оза шығып І орынды жеңіп алып, алтын медаль иеленді. Ал, 1998-2000 жылы туылған жастар арасында +90 келі салмақ дәрежесінде Фархат Қалиев жүлделі ІІІ орынға ие болып, қола медальға қол жеткізді.

  • Жарыс жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған. Он төрт елдің мықтылары жиналған додада шәкірттерім жақсы күресе білді. Қарсыластары да осал болмады.  Олар психологиялық тұрғыда да үлкен дайындықпен барып, мол тәжірибелерінің арқасында қайсарлық танытты. Шәкірттерім алда талай белестерді бағындыратынына сенемін, — дейді құрышбілектілердің жаттықтырушысы  Нұрқат Нысанов.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы