15.03.2019, 16:31
Қараулар: 79
«Айтылмаған сыр» сахналанды

«Айтылмаған сыр» сахналанды

15 наурызда Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған халықтық театр көпшілікке С.Ғаббасовтың «Айтылмаған сыр» драмасын ұсынды. Өздері бала сүй алмай, асырап алған ұлдарын туған ата-аналары кері ұрлап алып, ұрпақ сүюді армандаған адамдардың тағдырын суреттейтін шығарма қойылымға арқау болған. 

«Айтылмаған сыр» атты екі бөлімді драмалық спектаклді  сахналауға театр ұжымы бір ай көлемінде дайындалыпты. Бұл театрдың алғашқы қойылымы емес.  Көпшілік санасына бала мен ана махаббатын, туыстық қатынастың маңызын насихаттау мақсатында режиссер Анаргүл Темірғалиева шығармашыл жастардың басын қосып, осындай тағылымдық мәні зор дүниені дайындады.

–  «Өнер көзі – халықта» демекші, бүгінді қойылымның ерекшелігі кейіпкерлерді сомдаушы театр актерлары емес, қарапайым халық өкілдері. Менің басты мақсатым да осы еді. Қарапайым халық арасынан таланттарды іздеп, көрерменге таныстыру. Мақсатым жүзеге асты деп ойлаймын. Көпшілік жақсы пікірде, — дейді халықтық театр режиссері А.Темірғалиева.

Аудандық мәдениет үйінің жанынан құралған театр жастары әртістері бұл шығарманы сәтті сахналауға бар ынта жігерлерін салған екен.  Жастар әртістік шеберліктің қыр-сырын бойларына сіңірген. Оны қойылым барысында дәлелдеді. Театр ұжымы осыған дейін де бірнеше қойылымдарымен көптің көңілінен шығып үлгерді.

 

                                                                                                                            Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы