22.02.2019, 14:59
Қараулар: 360
«Алау – 2019» сайысы өтті

«Алау – 2019» сайысы өтті

Қаратөбе ауданының Шөптікөл мектеп-балабақшасы базасында  Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай «Алау – 2019» әскери патриоттық, спорттық жастар жиыны өтті.  

Аталмыш жарысқа 11 команда бойынша 70-ке тарта болашақ жас сарбаздар қатысты.

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, подполковник Мэльс Искаков өрендерді жарыстың ашылуымен құттықтап, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілек білдірсе, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері, бас төреші  Айбат Омаров патриоттық әскери ойындар ережесімен таныстырып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

АК-74 автоматын бұзып, қайта жинау, жалпы қорғаныс киімін кию, кермеге тартылу, қыздар арасындағы  арқада жатып денені көтеру, нысанға атудан өткен тартымды сайыс  қорытындысында Шөптікөл мектеп-балабақшасының  командасы жүлделі І орынды жеңіп алса, ІІ, ІІІ орындар Жамбыл және Егіндікөл орта мектебінің командаларына бұйырды.

Жарыс қорытындысында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі  ресурстық орталығының басшысы Эльдар Амантаев командалар бойынша және жекелеген жеңімпаз  спортшыларды марапаттап, диплом және медальдар, сонымен қатар  жүлдегер командаларға кубок  табыстады.

Жеңімпаз атанған Шөптікөл мектеп-балабақшасының командасы сәуір айында облыста өтетін «Айбын – 2019» әскери-патриоттық, спорттық жастар жиынына жолдама алды.

 

                                                                                          Ерболат РАЙСОВ,

                                                                                          Қаратөбе ауданы