6.03.2019, 10:29
Қараулар: 449
Ана атану – тәңірдің сыйы

Ана атану – тәңірдің сыйы

Ана деген аяулы ұғымды барлық адамзат баласы ардақтайтыны белгілі. Алтын құрсақты аналарға елдің құрметі де, ілтипаты да ерекше. Сондай көпбалалы ананың бірі – Қаратөбе ауылының тұрғыны, жеті баланың анасы, «Алтын алқа» иесі Тұрсынай Сәндібековамен нәзік жандылардың мейрамы қарсаңында әңгімелескен болатынбыз.

Мұхит ауылында қарапайым жанұяда дүниеге келген төрт баланың үлкені Тұрсынай орта мектепті бітірген соң көп ұзамай Қаратөбенің жігіті Әділхан Байғалиевпен танысады. Жастардың сезімі жарасым тауып, Әділхан 19 жасар Тұрсынайды 1997 жылы шаңырағына келін қылып түсіріпті. Әуелгіде ата-енесімен, жолдасының бауырларымен бірге тұрған.

«Кемпір-шалдың баласы» деген қағиданы берік ұстанған жас отау иесі Әділхан әжесі Шәмиді қолдарына алып, бөлек шығады. Сол уақытта ештеңенің ретін дұрыс біле бермейтін жас келінге Шәми әжесінің қазақы тәрбиелері қазіргі өмірінің басты ұстанымдарына айналған.

Сол шақтардың естелігін есіне түсірген Тұрсынай: «Мен келін болып түскенде ел жағдайы нашарлау кезең болатын. Қазіргідей газ, су үйге келіп тұрған заман емес. Диірменмен бидай тартып, ұн қылып, даладан қапшықтап тезек теріп, су тасып, жыл сайын пеш тас соғып жүрдік. Көп нәрсеге қолжетпейтін шақ еді. Сол кезде әжем үлкенді сыйлау, қонақ күту, түрлі жағдайларға төзіммен қарап, сабырлы болуды үйретті. Ол кісі: «Үйге келген кісіден шай қояйын ба деп сұрамастан дастарқаныңды жай. Қара нан мен қара су берсең де қабағыңды шытпай, шын ниетіңмен бер. Қонағың табағыңа емес, қабағыңа қарап бағалайды» – дейтін», – деп үлкеннің ақылын ала білген адам ешқандай жамандық көрмейтінін айтты.

1998 жылы тұңғышы Мәрияны дүниеге әкелген Тұрсынай Тілекқызы ақылы қоғамдық қызметте, түрлі жерлерде кіші қызметкер болып жұмыс жасай жүріп 4 қыз, 3 ұлдың анасы атанды. «Әр нәресте өз несібесімен келеді» демекші, 2012 жылы егіздері дүние есігін ашқанда мемлекет тарапынан көпбалалы ана ретінде аудан орталығынан жаңадан салынған үйге ие болыпты.

– Көпбалалы ана санатымен Үкімет үй берді. Аудан басшылары жағдайымызды үнемі біліп отырады. Мерекелерде арнайы келіп амандығымызды сұрап, балаларды қуанту мақсатында сыйлықтарын әкеліп, қамқорлықтарын танытып жүреді. Бізді түрлі шаралардан қалдырмай шақыртып тұрады. Барша ел басқарған азаматтарға алғысым шексіз, – дейді ол.

Әңгіме барысында қазіргі келіндердің көпбалалы болуға тәуекел жасамайтындығына қынжылыс білдірген Тұрсынай Сәндібекова ана атану – тәңірдің сыйы екенін айтты. Айтқандайақ, жеті балалы ананың жастарға айтқан базынасының жаны бар. Дүниеге салиқалы ұрпақ әкеліп, егеменді еліміздің демографиясын дамытсақ, болашақта ұлан-байтақ жеріміз бәсекеге қабілетті, қуатты мемлекетке айналуының басты кепілі болмақ.

 

Серікбай ХАСАНОВ