12.03.2019, 10:13
Қараулар: 483
Ардагерлерге арналған демалыс орны болса…

Ардагерлерге арналған демалыс орны болса…

Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде еңбекпен шынығып өскен аға ұрпақтың Қазақ елінің өркендеуіне қосқан еңбегі ұшан теңіз. Ел тарихынан сыр шертіп, өткенімізді келешек ұрпаққа жалғап, қоғам өміріне белсене араласып жүрген қарияларымыздың ел ертеңі – жастарды тәрбиелеудегі орны айрықша. Аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың бөлім басшысы Сағима Сәулебайқызының мәліметіне сүйенсек, бүгінде ауданда 1665 зейнеткер болса, оның 493-ы ерлер, 1178-і әйелдер. Бір Ұлы Отан соғысының ардагері, бес Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жесірі, 94 тыл ардагері бар. 

Ал осы ақылгөй қарияларымыз күнделікті уақыттарын тиімді өткізуі үшін қандай мүмкіндіктер жасауға болады? Осы маңызды мәселені шешудің жолдары қандай? Бүгінгі әңгімеміздің бағыты осы сауалдар төңірегінде өрбімек.

Ауданда ардагерлер кеңесі жұмыс жасайды. Ауылдық округтердің бәрінде де ардагерлер кеңестері мен ақсақалдар алқасы қоғамдық ұйымдары бар. Олар ауданда өткен ауқымды жиындарға қатысып, өз ойларын ортаға салып, қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге белсене атсалысып жүр.

Айтылған жайға орай бұдан 5-6 жыл бұрын ардагерлеріміздің арасында аудан орталығынан «Ардагерлер клубын» ашу жөнінде құлаққа жағымды әңгіме айтылған еді. Айтылуын айтылды да, кейіннен басылып калды. Өкінішке қарай, аталмыш игі бастаманы күн тәртібіне қойып, мәселені көтергендердің бірқатары қазір арамызда жоқ.

Осы сұраққа қазір аудандағы тиісті орындардың басшылары не дейді екен деп ең әуелі үлкендердің басын біріктіріп отырған қоғамдық ұйым – аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, көпті көрген ауыл ақсақалы Орынғали Ермекқалиевтің пікіріне құлақ түрдік.

– Бұл өте маңызды іс. Бұдан бұрынырақ осы мәселе төңірегінде ардагерлеріміз арасында әңгіме айтылып келді. Бәріміз қариялардың уақыттарын тиімді өткізуіне үлкен мән беруге тиіспіз. Айтылған орын аға буынның бас қосатын жері болғандықтан, аудан ардагерлері қоғам өміріне қатысты мәселелерді талқылауға, түрлі тақырыпта әңгіме өрбітуге, мәдени және спорттық шараларға сай өз өнерлерін ортаға салып, жастарға өнеге болатындай ізгілікті істер ұйымдастыруына жан-жақты мүмкіндік алар еді.

Сондықтан ел ардақтылары, қазынасы ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізге аудандағы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі жанынан демалатын арнайы орын қарастырылса, оларға деген үлкен құрмет пен қамқорлық болары сөзсіз, – деген ойын жеткізді Орынғали Бәкесұлы.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиевке «Аудан орталығынан «Ардагерлер клубының» ашылуына қандай мүмкіндіктер бар?» деген сауал тастағанымызда Ғалымгерей Қажыгерейұлы бұның өте құптарлық бастама екендігін айтып, бұл мәселені шын ниетте мақұлдайтындығын жеткізді. Дегенмен қазіргі таңда мәдениет саласы нысандарында бос тұрған орынның жоқтығын айтып, бірақ үшқабатты ғимаратта көршілес орналасқан аудандық сот мекемесі жаңа орынға қоныс аударғаннан кейін жергілікті биліктің келісімімен босаған бөлмелерден орын бөлгізуге күш салатындығын жеткізді.

– Аудандық ардаргерлер кеңесі мен жергілікті бірденбір басылым редакциясының үлкендер тарапынан көтеріліп, айтылған жайды аяғына дейін жеткізуді көздеген ойлары біз үшін өте маңызды. Бұрын соңды ауданда ардагерлерге арналған ешқандай демалыс орны болған емес. «Ардагерлер клубын» ашу туралы бастаманы естігеніме қуанып отырмын. Бұл мәселені барша аға буын өкілі құптайды деген сенімдемін, – деді елеулі еңбегімен елге сыйлы зейнеткер, көпбалалы қаратөбелік ана Рысты Ғалымжанова.

Ардагерлеріміз түрлі қоғамдық жұмыстарға ыждағаттылықпен қатысып, белсенділік танытып келеді. Солардың бірі – «Елімай» халықтық ансамбліндегі әжелердің өнер жолындағы үлгі боларлық қызметтерін мақтанышпен айтуға болады.

Аудандағы Қаракөл ауылдық округінің орталығы – Ақтайсай ауылындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Елім-ай» әжелер ансамблі 2016 жылы «Халықтық» атағына ие болды. Ансамбль мүшелерінің елдің мәдениетін, қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттаудағы еңбегі көпке өнеге.

– «Елім-ай» – облыс, аудан көлемінде «Халықтық» атағын ауылдық ұжымдар арасында ең алғаш қорғаған әжелер ансамблі. Басында мәдениет қызметкері Гаухар Айдарова жетекшілік жасады. Ансамбль құрамында жеті әже өнер көрсетеді. Репертуарларында 90-ға тарта әні бар Халықтық ансамбль мүшелері сахналық киімдерін өз қаражаттарына тіктіреді. Өнер ұжымы бірнеше жылдан бері елді мекендерді аралап, концерттер беріп келеді. Ақтөбе облысының шекаралас аудандарына, облыс орталығындағы қариялар үйіне барып өнер көрсетіп, алғысқа бөленген әжелер алдағы уақытта көршілес Атырауға гастрольдік сапармен шықпақ, – дейді Ақтайсай ауылдық мәдениет үйінің директоры Ербол Рамазанов.

Осы сынды аудан ардагерлерінің елге пайдалы істері мен үлгілі жұмыстары көп. Өнегелі өмірімен жас ұрпаққа еңбектің қадірін насихаттап жүрген ата-әжелеріміз зор құрметке лайық. Оларға әркез сый көрсетіп, қамқорлық таныту – баршамызға міндет. Елге еңбегі сіңген ардагерлеріміздің «Ардагерлер клубын» ашу жөніндегі ұсынысы ескерусіз қалмайды деген ойдамыз.

Ерболат РАЙСОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі