6.03.2019, 19:26
Қараулар: 526
Арулар арасындағы волейбол ойыны

Арулар арасындағы волейбол ойыны

Бүгін, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған қыз-келіншектер арасында волейбол ойынынан  аудандық жарыс өтті.

 

Көктем шуағын ала келген арулар мерекесіне орай өткізілген спорттық шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиев арнайы қатысып мейірім мен нәзіктіктің, ізгілік пен тазалықтың бастауы бола білген аруларды мейрамдарымен құттықтады. Өткізіліп отырған жарысқа қатысушы командаларға сәтті ойын өрнегін көрсетуге тілектестігін жеткізді.

Жарыстың бас төрешісі Нұрбек Сайнов жарысқа қатысушы қыз-келіншектерге ойын тәртібі мен ережесін түсіндірді.

Төл мерекелеріне орай әйелдер арасында өткен жарыс – салауатты өмір салтын насихаттау, азаматшаларды  дене тәрбиесі және спортпен жүйелі түрде айналысуға ынталандыру, жергілікті дене шынықтыру-сауықтыру мен бұқаралық спорттық шараларын жетілдіру мақсатын көздеді.

Спорттық шараға ауылдық округтерден төрт,  аудан орталығындағы мекемелерден құралған жеті команда арасында өрбіген спорттық дода тартысқа толы болды.

Барлық командалар бір-бірімен кездесіп, ұпай сандары бойынша қай команданың алға шыққаны анықтады.

Командалар арасында үздік ойын өрнегін көрсетке Қаратөбе командасы жүлделі І орынды жеңіп алды. Мұхит атындағы орта мектебінің арулары ІІ орынға тұрақтаса, аудандық аурухана қыздары ІІІ орынды қанағат тұтты.

«Үздік шабуылшы» аталымымен Қаратөбе командасынан Гүлмира Жұмағалиева, «Үздік қорғаушы» аталымымен Мұхит атындағы орта мектеп командасынан Гүлжанат Ғабдрахманова, «Көрермен көзайымы» аталымымен Шөптікөл орта мектеп-балабақшасы командасының ойыншысы Ирина Шабдарова, «Ардагер ойыншы»  аталымымен аудандық аурухана командасынан Алмагүл Тасимова марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен медальдар және сыйлықтар табысталды.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы