4.05.2017, 10:15
Қараулар: 54
Аталардың ерлігін жыр етемін…

Аталардың ерлігін жыр етемін…

Мен ауылдың қара домалақ қана кішкентай қызымын. Мен ауылымның тарихымен мақтанамын. Олай деуіме себеп бар, бірде менің сынып жетекшім Мария апай кезекті тәрбие сағатында біз үшін өте қызықты мәлімет алып келді. Маған бұл дерек ұнағаны соншалық, мектебіміздегі мұражайдың жетекшісі Ардақ апайға барып, әрі қарай көп мәлімет жинауға кірістім, оған анамның да көмегі тиді. Бұл қандай мәліметтер екен деп ойлап отырған боларсыздар…

12345

Ол біздің ауылымызда өмір сүрген майдангер — Қасымов Сабыр атамыз, менің шығармамның басты кейіпкері. Ұстазымның: Ата-бабаларымыз қасықтай қаны қалғанша ерлік көрсетіп, елімізді жаудан аман алып қалды. Қан майданда аштықты, азапты көреді, жауған оқ пен ауыр снаряд, мина, бомбалардың ортасында ыстық пен суықта небір қиындықтарды бастан кешірсе де, олар жаудан еш қаймықпай жеңіске жеткен, — деген сөзі құлағымда қалып қойды.
Сөйтіп, Сабыр ата туралы мәліметтер іздедім, сол деректермен сіздерді таныстырғым келеді. Сабыр Қасымов 1912 жылы Қаратөбе ауданы, Аққозы ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Сол жерде 1923-1927 жылдар арасында бастауыш мектепті,
1930 жылы Қаратөбе орта мектебін аяқтаған. Пионер вожатый және мұғалімдік қызметтер атқарған.
1939 жылы Кеңес әскері қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Фашисттердің қоршауында қалған Ленинградты азат
етуге қатысқан. 1943 жылы Ленинградты қорғағаны үшін медалмен марапатталған. Тронау қаласы мен Кенисберг қалаларын алуға қатысқаны үшін де медалдармен марапатталған. ІІІ дәрежелі Даңқ ордені, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендері бар. Соғыс уақытында екі рет жараланған. Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін 1945 жылдың 25 қыркүйегінде елге аман-есен оралып, бейбіт
күндері Егіндікөл орта мектебінде оқытушы әрі меңгеруші қызметтерін атқарған екен. Көп жылдық абыройлы ұстаздық еңбегі
үшін 1972 жылы 18 шілдеде «Қаз ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» значогымен марапатталған.
Мінекей, менің майдангер атам туралы мәліметім осындай, атамыздың Ленинград қаласын қорғауға қатысқаны мен үшін мақтаныш,
Жамбыл атамның «Ленинградтық өренім» өлеңі бейнебір осы Сабыр атаға арналғандай.
Сіздің ерлігіңізді паш ету – бізге парыз. Әлі де сіз туралы деректерді іздестіремін, Сабыр ата!

Кәмила Төлегенова,

Егіндікөл жалпы орта 

білім беретін мектебінің
5-сынып оқушысы