15.03.2019, 13:27
Қараулар: 73
Атыраудан жүлдемен оралды

Атыраудан жүлдемен оралды

Наурыз айының 13-і күні Атырау қаласында Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларына орай республикалық «Ардагерлер  Ұйымы» орталық кеңесінің және  Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен батагөй қариялардың сайысы оздырылды.

Халық даналығы, дала фольклоры, ұлтымыздың құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу мақсатында «Батаменен ел көгерер» атты ардагерлер арасында оздырылған айтулы республикалық сайыста жерлесіміз, бата берудің хас шебері Ертай Сердалин үшінші орынға ие болды.

– Еліміздің әр өңірінен 20-ға тарта батагөйлер қатысқан Атыраудағы  аталмыш республикалық байқау жоғары дәрежеде өтті.

Сайыс түстен  кейін басталып, біраз уақытқа созылды.

Мен 16-шы болып сахнаға шығып әскерге аттанғалы тұрған болашақ сарбазға берген батамды айтып, салт-дәстүр бойынша әңгімеледім.

Байқауға қатысушылардың әртістік қабілеті жоғары болғанымен біразының  салт-дәстүр туралы біліктіліктілерінің төмен екендігі байқалды.

Байқаудың бас жүлдесі Алматы облысының батагөй ақсақалына бұйырды.

Байқаудың бас төрешісі Нұртілеу Иманғалиұлы жеңіпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табыстады. Қасымда термеші жігіт, қаратөбелік Нұршат Исламғалиев болды.

Италия елінен келген туристердің өтінішіне сай оларға тарихи әңгіме айтып бердім. Оны аудармашы қыздар жеткізіп отырды. Туристермен, аудармашымен естелік фотоға түстім.

Байқауға қатысуға ықпал етіп, үнемі қолдау білдіріп жүрген аудан басшысы Жанат Асылханұлы мен орынбасары Жасұлан Кәрелұлына алғысым шексіз, — дейді егіндікөлдік батагөй қария Ертай Нығыметұлы.

Жерлестерінің мақтанышына айналған Ертай ақсақал өткен жылы да Атырау қаласында өткен батагөйлердің  аймақтық байқауының жеңімпазы атанған болатын.

 

                                                       Ерболат РАЙСОВ,

                                                        Қаратөбе ауданы