13.02.2019, 17:42
Қараулар: 510
Ауданда атқарылған шаруалар көп

Ауданда атқарылған шаруалар көп

Өткен аптаның жұма күні аудан әкімі Ж.Асанатаевтың 2018 жылғы аудан бойынша атқырылған жұмыстар туралы аудан тұрғындары алдындығы есеп беру жиыны өтті. Есеп беру жиынында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев, бірқатар облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, тиісті және дербес бөлім басшылары, аудан тұрғындары қатысты. 

Қаратөбе ауданында өткен жылы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, бірқатар істер жүзеге асырылды.

Түйіндеп айтар болсақ, есептік 2018 жылға аудан бюджеті жыл басына 3 миллиард 267 миллион 359 мың теңгемен бекітіліп, жыл ішінде 3 миллиард 774 миллион 890 мың теңге болып нақтыланды. Аудан бюджетінің шығыс бөлігі есептік кезеңде 99,9%-ға, бюджеттік түсімдер 100,2% орындалған.

Ауданда ірі қара малын өсіруші 14 шаруашылықта 3212 асыл тұқымды ірі қара, 2 шаруашылықта 98 бас асыл тұқымды жылқы, 2 шаруашылықта 1354 бас асыл тұқымды қой малы өсірілуде. Оның 9-ы – репродуктор шаруашылықтар.

Аудан басшысы Ж.Асантаевтың айтуынша, аудан шаруашылықтары өз қаражаттары және қаржылық институттардың қаражаты есебінен 379 бас асыл тұқымды ірі қара, 117 бас асыл тұқымды қой, 24 бас асыл тұқымды жылқы сатып алған.

Жалпы, 2018 жылы аудан шаруашылықтары өз ісін жандандыруға 322 млн. теңге инвестиция салып, мемлекет тарапынан 200 млн. 700 мың теңге субсидия түрінде қаржылай көмек алған.

Тағы бір айта кететін жайт, былтырғы жылы аудан шаруашылықтары алғаш рет шет елге ет экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Бұл                     Орал қаласындағы «Кублей» ет өңдеу кәсіпорнымен ет өнімдерін шет елге экспорттау мақсатында жасалған меморандум шеңберінде және «Қоржын» мал сою пункті арқылы жүзеге асырылып отыр. Жалпы, былтырғы жылы аудан бойынша 10 тонна қой етін, 50 тонна сиыр етін экспорттау жоспарланса, ол сәйкесінше 23 тонна және 64 тонна болып орындалған.

Есептік кезеңде 98 гектар жер учаскесіне дақылдар егіліп, бұдан       1441 тонна өнім алынып отыр.

Мал қыстату науқанына қажетті табиғи мал азығының мөлшері              58 мың 700 тонна болса, бұл 61 мың 590 тонна болып жиналған. Сондай-ақ аудан  шаруашылықтарына 481 тонна құрама жем сатып алынған.

Сонымен бірге қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне несиелер, гранттар беріліп, жан-жақты көмек көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде ауданымыздың екі кәсіпкері токарлық цех ашу және биогумус жобасымен 3,7 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грантты иеленіп, жұмыстануда.

– Бәрімізге белгілі, ауданымыз газбен 100% қамтылған, сонымен қатар өткен 2018 жылы әлеуметтік нысандарды газдандыру жобасы аяқталып, аудан бойынша әлеуметтік нысандардың барлығы 100% көгілдір отын жүйесіне қосылды.

Елбасының Жолдауда айтылған ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сай, өткен 2018 жылдың тамыз айында жоба құны 915  миллион теңгені құрайтын «Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау құрылысы» нысаны аяқталып, Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана елді мекендеріне ауыз су жеткізілді. Осының нәтижесінде қазіргі таңда ауданымыздың 22 елді мекенінің 12 елді мекені немесе аудан халқының 91,3% таза ауыз сумен қамтылды, — деді аудан басшысы өз есебінде.

Қаратөбе ауданы  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыруда ауқымды жобаларды іске асырды.

Ауданда өткен жылы жергілікті жерден шыққан меценаттардың қолдауымен жоспар бойынша 40 жоба іске асырылып, оған қосымша 14 жоба жасалып, барлығы 54 жоба жүзеге асырылды. Сонымен бірге, аудан әкімі аталмыш бағдарлама аясындағы іске асырылған жобалардың ауданның 90 жылдық мерейтойымен үндестікте жүзеге асырылғанын айта кетті.

– Ауданымыздың 90 жылдығы аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып, ауданымыздан шыққан белді де белсенді азаматтардың басын қосқан меценаттар, жерлестер форумдары оздырылды. Қаратөбе ауданының дамуынан сыр шертер «Қаратөбе құлпытастар сырын ашайық», «Рухани жаңарған Қаратөбе» және «Қасиетті Қаратөбе» атты кітаптар оқырманға ұсынылды. Осы атаулы күнге орайластырылып аудан орталығынан ел азаматтарының қолдауымен екі нысан – Елордасы Астана қаласының   20 жылдығына «Астана» саябағы және жерлесіміз академик Қажым Жұмалиев бюсті ашылды, — деді аудан басшысы Жанат Асылханұлы есеп беру жиынында.

Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, халық өмірінің барлық салаларын автоматтандыру процестері қазіргі таңда көптеген салаларды қамтып отыр. Бұл міндеттер Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауларында көрініс тауып келеді. Біздің ауданымызда да бұл бастама қолдау тауып, өткен жылы бірқатар істер атқарылды.

Тоқталар болсақ, өткен жылдың маусым-тамыз айларында барлық ауылдық округтерде халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту курстары ұйымдастырылды. Аудан бойынша 284 адам қамтылып, курстан өтті. Сонымен қатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды алу үлесін арттыру мақсатында барлық ауылдық округтерде интернет байланысына қосылған «e-gov» электрондық үкімет порталына кіру үшін өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды.

Қаратөбе ауылында ашылған «Астана» саябағына күн сәулесінен қуат алатын, смартфондар мен электронды құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік беретін әрі wifi желісін тарататын заманауи орындықтар қойылды. Сонымен бірге баламалы қуат көздерін пайдалану мақсатында аудан орталығы Қаратөбе ауылында күн сәулесінен қуат алатын 75 дана жарықтандыру шамдары орнатылды.

Былтырғы жылы аудандағы 19 мектепке «BilimLand білім платформасы» қондырғылары орнатылып, іске қосылды. Аудан орталығындағы іргелі білім ошақтары Қаратөбе мектеп-гимназиясы мен Мұхит атындағы жалпы білім беретін мектебі Kundelik.kz сайтына қосылса, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен гимназия мектебінде ІТ-сынып ашылды.

Қаратөбе ауданы өткен жылы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіп, бірқатар жұмыстарды жүзеге асырды. Қаратөбе ауданының  әкімі Ж.Асантаевтың 2018 жылғы аудан бойынша атқырылған жұмыстар туралы есебіне  облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев оң баға берді.

Есеп беру жиынына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары 2018 жылы облыс көлемінде атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Елбасының биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауында үлкен мән бар екенін айтқан  Ғали Нәжімеденұлы аудан жастарын жұмыста белсенділік танытуға шақырды. Жиын барысында өз тігін ательесін ашуды жоспарлайтынын айтқан жас маман Ақбөбек Ғатауованың бастамасын қолдайтындығын жеткізді.

Бүгінде Қаратөбе ауданында  3992 жас бар. Олардың 2021-і жас экономикалық белсенділер қатарында болса, есептік жылда 459 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.

Есеп беру жиынында сөз алған еңбек ардагері Орынғали Бәкесұлы аудан және облыс көлемінде атқарылып жатырған жұмыстарға  халық атынан оң баға берді. Былтырға жылғы жұмыстарға ризашылығын білдірген еңбек ардагері Орынғали Ермекқалиев:

– Қазіргі таңда ауданымызда 162 үйдің техникалық-сметалық құжаттары, сонымен  қатар, 9,2 шақырым көше жолдары жұмыстарының да  техникалық-сметалық құжаттары дайындылып, тексеруден өтіп тұр. Аудан тұрғындары атынын 2019 жылы осы жобаларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды сұраймын, — деп облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиевке ұсынысын білдірді.

 Ажаргүл ӘЛИЕВА