22.11.2018, 12:04
Қараулар: 56
Үлгілі отбасылар «Алтын ұяда»

Үлгілі отбасылар «Алтын ұяда»

Өткен аптада Шөптікөл жалпы орта білім беретін мектеп балабақшасының базасында отбасылық тәрбиенің үздік үлгілерін насихаттап, ата-аналардың мектеп пен тұрақты қарым-қатынасын қалыптастыру және отбасы тарихы мен дәстүріне деген қызығушылықтарын дамыту мақсатында аудандық «Алтын ұя» байқауы оздырылды.

 

Байқауға жалпы білім беру ұйымдарынан 13 отбасы қатысып, сайысқа түсті.

Аталмыш сында «Отбасымыздың ыстық сәлемі» бағыты бойынша отбасы мүшелері өздерін таныстырса, «Дәстүрге берік отбасы» бейнетүсірілім байқауында отбасы құндылықтарын дәріптеді. «Өнер, өнеге, өрісі» бөлімінде отбасылар өнерлерін паш ету мақсатында сахнада ән салып, би биледі. «Жаңғыру – ұлттық өнерден басталады» тақырыбындағы қолөнер көрмесі бөлімінде отбасы мүшелерінің қолдарынан шыққан бұйымдарынан көрме тамашаланды.

Байқау қорытындысы бойынша I орынды Б.Қаратаев атындағы Саралжын ЖОББМ-нің намысын қорғаған Мұратжановтар отбасы, II орынды Мұхит ЖОББМнен қатысқан Өтенязовтар отбасы, III орынды Егіндікөл ЖОББМ-нен келген Нұғымановтар отбасы иеленіп, сыйлықтармен марапатталды.

Байқауға қатысқан өзге де отбасылар түрлі аталымдарға ие болды. Байқауда жеңімпаз атанған Мұратжановтар отбасы 30 қараша күні Орал қаласында өтетін облыстық кезеңге жолдама алды.

– Жыл сайын өткізіп келетін байқауға қатысушылар саны артып келеді. Мектеп пен ата-аналардың арасындағы байланысты нығайту және отбасындағы құндылықтар мен дәстүрлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді басты міндеттіміз деп білеміз,- дейді аудандық білім беру бөлімінің тәрбие әдіскері Ақмарал Аяпова.

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы