8.11.2019, 11:07
Қараулар: 10
Аудан әкімі Әлем чемпионын қабылдады

Аудан әкімі Әлем чемпионын қабылдады

4 қарашада аудан әкімі Жанат Асантаев Румыния елі, Константа қаласында өткен қол күресiнен ХХХХІ Әлем чемпионатынан жасөспірімдер арасында 50 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанған Ержан Ерболат пен оның жаттықтырушысы Нұрқат Нысановты қабылдады.

 

Кездесуде аудан әкімі Жанат Асантаев Әлем чемпионын құттықтап, ізгі тілегін арнады.

– Жетістігің құтты болсын Ержан. Бұл жалғыз сенің жеңісің емес. Бүкіл Қаратөбенің, одан қалса еліміздің жеңісі. Көк байрағымызды желбіретіп, елдің намысын көтеріп, бәріміздің патриоттық сезімімізді ояттың. Бүкіл ауыл болып қуанып жатқан жағдайымыз бар. Оның бәріне себепкер өзіңсің. Әрқашанда жолың болсын. Оданда жоғары жетістікке жетіп, еліңнің мақтанышы бола бер! Әлі алда даңғыл, жұлдызды жол бар. Бүкіл қазақ елі саған тілекші,- деді Жанат Асантаев.

Одан соң кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, облыстық мәслихат депутаты Құсайын Мұқанов та чемпионға деген жылы лебіздерін білдірді.

Аудан басшысы спортшы мен бапкеріне арнайы сыйлық беріп, алғыс хатын табыстады.

Кейін төрткүл дүниенің теңдессізі атан­ған Ержан Ерболатұлына  жерлестері де құрмет көрсетті. Орталық алаңға жиналған жұрт­шылық «Ержан Чемпион!» деп ұрандатып батырын қарсы алды.

Чемпионның бапкері Нұрқат Есенжанұлы  шәкіртінің жеңісі үлкен мерей еке­ндігін айтып, құрмет көрсетіп жатқан ауыл тұрғындарына алғысын жеткізді.

Ел мақтанышы Ержанға «Қоржын» шаруа қожалығыының жетекшісі Құсайын Мұқанов ат мінгізді.

Айта кетейік, Ержан Ерболатұлы Қаратөбеден шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Ол 2002 жылы 28 тамызда БҚО, Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Мұхит атындағы орта жалпы білім беретін мектебін тәмамдады. Қазіргі таңда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінде І курс студенті.

 

Гаухар ФЕЛИКС