18.03.2019, 18:01
Қараулар: 315
Аурухана командасында қос кубок

Аурухана командасында қос кубок

Сырым ауданында футзалдан 2018-2019 жылдары Сырым ауданының чемпионатына және Сырым ауданы кубогы үшін ойнатылған додаға қатысқан Қаратөбе аудандық аурухана командасы қос бірдей ойынның жеңімпазы атанды. 

Сайыстың мақсаты жылма жыл Елбасымыздың халыққа арнаған Жолдауларында  көрініс тауып жүрген бұқара халықты  спортқа тартып,  денсаулықтарын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады.

Ойынға Сырым ауданының барлық ауылдық округтері мен аудан орталығындағы мекемелерден құралған жалпы саны 20-дан аса команда қатысты. Аяқдопшылардың ойындары тартысқа толы өрбіді. Өз командаларын қолдай келген жанкүйерлер де қиқу салып қолдау білдірді.

Соңғы ойын Қаратөбе аудандық ауруханасы мен «Достық» командалары арасындағы ойында матч басталысымен ойын тізгінін қолына алған қаратөбеліктер сырымдықтарды біраз тығырыққа тіреді. Екі жақ бір-бірлерінің қадамдарын тұсаулай отырып, қарсы шабуыл жасауға ден қойды. Осылайша өрбіген ойында 1 таймда 4:1 есебімен қаратөбеліктер алда тұрды. 2 таймда алаңға шықан сырымдықтар шабуылды үдетіп, белсенділік көрсете бастады. Қарсыласының қауіпті сәт аймағына дейін келген сырымдықтарға қаратөбелік қорғаушылар лайықты тойтарыс берді.  Нәтижесінде  8:6 есеп айырмасымен, қонақтар алаң иелерін тізе бүктірді.

Қос бірдей ойында қарсыластардың қақпасына ең көп доп соққан Ернар Нысанов, Шоқан Серікұлының шеберліктерін айта кетуге болады.

Ойын нәтижесінде «Үздік қақпашы» аталымымен Асхат Мерғалиев, «Үздік сұрмерген» аталымымен Ернар Нысанов, «Үздік шабуылшы» аталымымен Шоқан Серікұлы марапатталды.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА