4.08.2017, 10:27
Қараулар: 378
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері

Ауыл тұрғындарының ықыласына бөленіп жүрген ауыл ақсалдарының бірі Ханкөл ауылында тұратын Зайзағат Бөлеғалиев ағамыздың есімі көпшілікке кеңінен таныс.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері

Ұзақ жылдар ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан Зайзағат ағамыз бүгінде бірлігі жарасқан шағын Ханкөл ауылының арқа сүйер ақылшысы.

«Қарттар – ел қазынасы» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Зәкең сынды келешек ұрпаққа жол сілтеп, ақыл-кеңесін айтып отыратын ағаларымыз көп болғай.
Зайзағат ағамыз 1936 жылдың қазан айының 10-ы күні ауданның Егіндікөл ауылында дүниеге келген.
Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарынының қиын-қыстау кезеңіне тұспа-тұс келген Зайзағат аға қызметке ерте аралысып еңбекпен есейген жандардың бірі.
1957 жылы Орал ауылшаруашылығы техникумынан мал маманы (зоотехник) мамандығын алып шығады. Бір жылдай Жымпиты ауданының Бұлдырты кеңшарында қызмет жасап 1959 жылы Кеңес әскері қатарына алынады. Түрікменстанның астанасы Ашхабад қаласында әскер қатарында болып 1961 жылдың күзінде Отан алдындағы борышын өтеп елге оралғаннан кейін ауданның Қоскөл, Қаратөбе кеңшарларында бас мал маманы қызметін абыроймен атқарды.
Кеңес дәуіріндегі солақай саясаттың кейбір көлеңкелі тұстары, сол дәуірде шаруашылыққа басшылық жасаған лауазымды тұлғалардың жас маман Зәкеңнің шаруашылықты дамытуға арнаған жоспарлы жұмыстарының өз деңгейінде жүруіне кері ықпалы кедергі болған.
Бірақ білікті маманның өзіндік ұстанымы мұндай қиыншылықтардан мүдірмей өтіп, өзіннің діттеген мақсатына жетуді көздейді.
Зәкең аудан орталығындағы мал дәрігерлік зертханаға басшылық жасады. Білімін жетілдіру мақсатында Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы институтын тәмамдады.
Білікті маманның еңбегі еленіп, Зәкең біраз жыл аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі қызметін атқарды.
Аудан негізінен мал шаруашылығына бағытталғандықтан мал басын өсіруге үлкен мән берілді. Ол кезде мал мамандарының жұмысы шаш етектен асатын және мал мамандарының беделі мен абыройы жоғары болатын.
Зейнеткерлікке шыққанға дейін Зайзағат аға Ханкөл ауылында абыройлы еңбек етті. Зәкең ақсақал үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Ұл қыздарынан тараған немере-жиендерінің сүйікті атасы, ақылшысы, қамқоршысы.
Көпті көрген Зәкең ақсақалдың қоғамдық өмірдегі еңбегі зор. Келешек ұрпақтың тәрбиесіне байланысты округтегі жұмыстарға белсене араласып отырады. Ауыл адамдарымен тіл табыса еңбек еткен Зайлағи ағаны ауылдастары құрметтейді. Ақсақалдың 80 жасқа толуына арналған салтанатты шараны ел болып Жусандыой ауылдық округінің тұрғындары ұйымдастырды. Ол ел ағасына деген жерлестерінің ыстық ықыласы мен құрметі болмақ. Ел сыйлаған Зайлағи аға өткен жылы Еңбек күні мерекесіне орай аудан әкімінің марапатына ие болды.
Қанша жыл еңбек жасасын бұндай марапатқа алғаш ие болған ел ағасы еңбегін елеп марапатқа ұсынған аудан азаматтарына ағалық ризашылығын білдірді.

Ерболат РАЙСОВ,
«Қаратөбе өңірі»