11.12.2018, 19:00
Қараулар: 675
Ашамай – қазақы тәрбиелік салт

Ашамай – қазақы тәрбиелік салт

      Қазақ халқы баласын өзінің өмірінің жалғасы, ұрпағы болғандықтан,   дүниеге келген сәбиінің өміріне  аса мән берген. Оларға арнап ырымдап  жарыс қазан, бесікке салу, қырық шелпек, шілдехана, тұсау кесер, сүндет той, баланы атқа мінгізу, тілашар тойы, әскерге шығарып салу тойы, үйлену тойы сынды өмірінің әр кезеңінде түрлі тойлар жасап отырған. 

 

Жақында  Саралжын ауылдық округіндегі «Айгөлек»  балалар- бақшасында  аталған тойлардың бір түрі «Баланы атқа мінгізу» тойына арналған  «Қазақы тәрбиелік  салт  – Ашамай» атты тәрбиелік маңызы бар шара өтті. Аталмыш шараны бала-бақша меңгерушісі Анар Жақанқызы құттықтау сөзіменен ашты.
Мұндағы мақсат – жас ұрпақты  салт дәстүрге баулу,  баланың танымдық қабілетін дамыту,  оның атқа отыруға қызығушылығын арттыру болса керек.

Ата бабамыз ұл балалы болғанда ерекше сый құрметпен қарап, оны шаңырақ иесі деп есептеген. Әр кез ширақ, пысық, өткір, ақылды болуға тәрбиелеген. Баласын 4-5 жасқа толғанда атқа мінгізіп үйреткен.

Салт-дәстүрді жаңғыртуға арналған бала-бақшадағы шара  4 жасар тәрбиеленуші  Аңсар есімді баланы  әкесі  Шыңғыс Кәдіржанов  ат әбзелдерімен таныстырып, атқа мінгізуден бастау алды.

Баланы атқа мінгізген бұл рәсімді ашамайға мінгізу деп атаған. Бұл бала үшін де ата-ана үшін де, туысқандары үшін де ерекше оқиға болып саналған.

Аналар шашу шашып, тілектерін  айтса, жиналғат жамағат «Құтты болсын!» десті.  Азат ата Аңсарға батасын берсе, әкесі Шыңғыс баласы мінген атты жетекке алып, ауылды аралатты.  Бұл дәстүр бала жүрегіне мен азамат болдым деген сенім ұялатқандай.
Шараға орай арнайы құрылған  киіз үй ішіне той дастарқаны жайылып, балалар мен олардың ата-аналары, ата-әжелері жайғасып,  «Қазақы дастарханым» әні шырқалды.

Киіз үйде жайылған дастарқан басында балалар  дастарханға байланысты қазақтың ырым сөздерін айтып, салтты жақсы меңгергендіктерін байқатты.

 

Ерболат РАЙСОВ