5.07.2019, 11:46
Қараулар: 653
Аяқдопшылар алаңға шықты

Аяқдопшылар алаңға шықты

 Аудан орталығындағы теннис корты алаңында Нұр-Сұлтан қаласы күніне орай шағын футболдан аудандық жарыс мәреге жетті.

 

Мереке құрметіне арналған спорттық шарада алғаш сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Еділбек Есқали Нұр-Сұлтан қаласы күні мерекесімен барша тұрғындарды құттықтап, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі. Шағын футбол ойыны ауылдық округтерден келген тоғыз команда арасында тартысты өрбіді.

Командалар жарыс жолында үш топқа бөлініп тартысты ойын өрнегін көрсетті. Әр топтан ұпай сандары бойынша басымдық танытқан бір команда жартылай финалға жолдама  алды.

Аудандағы теннис корты алаңында өткен аяқдопшылардың жарысы күн ұзаққа созылып, командалар өзара мықтыны анықтады. Ойын барысында аяқдопшылар тыңғылықты әзірлікпен келгендіктерін көрсетті. Тиісінше қатысушылар алаңда тартысты ойын өрнегін көрсете білді.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Қаратөбе ауылдық округінің командасы иемденіп, жеңімпаз атанды. ІІ орын Қалдығайты ауылдық округінің командасына бұйырса, ІІІ орынды Қоскөл ауылдық округінің ойыншылары қанағат тұтты. Жекелей үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтсақ, Шоқан Серікұлы «Үздік шабуылшы», Нұрбол Кеңесов «Үздік қорғаушы», Асхат Мерғалиев «Үздік қақпашы», Еркебұлан Жүсіпқалиев «Үздік сұрмерген» аталымдарымен марапатталды.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы