6.06.2018, 21:43
Қараулар: 621
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 4158 тұрғын таза ауыз сумен қамтылмақ

«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 4158 тұрғын таза ауыз сумен қамтылмақ

Сапар барысында өңір басшысы бастаған топ Қаратөбе ауданы су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстары жүргізіліп жатқан нысанға барды.

 

Сумен жабдықтау құрылысы басында облыс басшысы аудан ақсақалдарымен, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп, елдегі жаңалықтармен бөлісті.

Өңірлерді дамыту бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында атқарылып жатқан бұл жоба 915 041 961,92 теңге республикалық бюжеттен қаралған. Оның жартысынан астамы жергілікті бюджетке тиесілі.

Жалпы ұзындығы 133 шақырымды құрайтын жоба Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл және Үшана ауылдарын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтымақ.

Жергілікті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатын көздейтін жобаның жұмысы туралы баяндаған бас мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС бас директор Мұратбек Мұхамбедиев Үшана, Сулыкөл, Соналы ауылдарындағы құрылыс жұмыстарының біткендігін, Үшағаш, Шөптікөл ауылдарында ауылішілік жұмыстары ғана қалғандығын, тамыз айында аяқтауға толық мүмкіндік барын жеткізді.

Құрылысы бітежақ сумен жабдықтау жүйесі пайдаланылуға берілгенде бес елді мекенде тұратын 4158 адам таза ауыз сумен қамтылмақ.

Шалғай елді мекендердегі тұрғындардың таяу арада таза ауыз суды тұтынатындығына қуанышын білдірген Алтай Сейдірұлы:

– Қаратөбе ауданында атқарылып жатырған игілікті істер көп. Сапар барысында куә болып келеміз. Жаңадан құрылыс нысандары салынуда. Кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Осының барлығы жаңару, жаңғыру деп білемін. Еліміздің тұрақтылығы мен бірлігіміздің арқасында толайым табыстарға жетудеміз. Елжанды, жанашыр азаматтар елге көмек қолын созуда. Елдің азаматы Мұратбек Мұхамбедиевті Үшана ауылына медициналық пункт салып беруі, елге деген құрметі. Игі істерге бастамашы болып жүрген азаматтар абырой биігінен көрініп, ел игілігі үшін еңбектене берейік, — деді.

 

 

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы