6.03.2019, 10:35
Қараулар: 335
Басты меже – бұқаралық спортты дамыту

Басты меже – бұқаралық спортты дамыту

Адамның рухани жан дүниесінің кемелденуімен қатар, дене жаттығуларымен шұғылданып, тән саулығына да аса мән бергені абзал. Елімізде бұқаралық спортпен айналысушылар қатарын көбейтіп, олардың санын халықтың 30 пайызына жеткізу межеленген болатын. Осы орайда аудан халқын саламатты өмір салтын ұстануға тарту бағытында жүргізілген жұмыстар жөнінде «Қаратөбе» спорт клубының директоры Екпін Тіналиевпен әңгімелескен едік.

– Екпін Батырханұлы, ауданда бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын ұстану бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталып өтсеңіз?

– Бұқара халық арасында саламатты өмір салтын насихаттау, аудан тұрғындарының спортпен жүйелі айналысуын дамыту бағытында жұмыстану – біздің басты мақсатымыз. Былтыр «Қаратөбе» спорт клубының ұйымдастыруымен ауданда 162 спорттық шара өтіп, оған 6169 адам қатысса, ұлттық спорт түрлерінен 59 жарыс ұйымдастырылып, 1285 адам тартылды. 2017 жылы ауданда спортпен тұрақты айналысатын 4012 тұрғын есептеліп, 24,6 пайызды құраса, 2018 жылы олардың саны 4689 адамға, яғни 30,3 пайызға жетті. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында округтердегі 13 орта мектептің спорт залында жұмыстан кейінгі кешкі уақыттарда әр округтегі «Қаратөбе» спорт клубының әдіскерлері спорттық шаралар ұйымдастырады. Бұл жөнінде аудандық білім беру бөлімімен меморандумға қол қойғанбыз. Бұдан бөлек, аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғындарға қызмет көрсетеді.

– «Қаратөбе» спорт клубының жанынан ашылған фитнес орталықтың жұмысы жайында айта кетсеңіз? Орталыққа келушілер көп пе?

 – Фитнес орталық аудан әкімі Ж.Асантаевтың қолдауымен өз жұмысын тура бір жыл бұрын бастаған болатын. Жергілікті халықты спортқа тарту, дене сымбатын қалыптастыру міндетін көздеген орталықтың ашылуына жеке кәсіпкер Айбар Бралиев демеушілік көрсетті. Сонымен қатар аудан бюджетінен 2 млн. теңгеге спорттық жабдықтар алынып, жасақталды. Биыл да тағы сонша қаржы бөлініп, орталық қажетті құралдармен қамтылды. Фитнес аптасына 5 күн бойы үш ауысымда жұмыс жасайды. Қызмет ақылы түрде абоненттік картамен жүргізіледі. Қазір орталыққа келушілер саны көбейіп келеді. Әлде де тұрғындар тарапынан белсенділік артса дейміз.

 – Халықты спортпен шұғылдануға тарту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз. Алдағы жоспарлармен де бөліссеңіз?

 – Бүгінде спорт клубының ұйымдастыруымен шағын футболдан мекемеаралық аудан біріншілігі өтуде. Бұл мекемеаралық жарысқа аудан әкімдігінің құрамасынан бастап 10 команда қатысуда. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында жуырда Үшағаш ауылында құмай тазылар көрмесі, ат үстінде аударыспақ, тай жарысы жоғары деңгейде өтті. Жастар арасында атқа міну мәдениетін насихаттау үшін аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықпен бірлесіп Сулыкөл округінде жылқы құрықтап, асау үйретсе, Саралжын, Қаракөл, Қоскөл ауылдық округтеріндегі спорт әдіскерлеріміз қазақ күресі, асық ату, қол күресі сынды ұлттық ойындардан жарыс өткізді. Жылда аталып өтілетін Наурыз, Ұлы Жеңіс мерекелері, Ата Заң күні сынды мемлекеттік мейрамдарда халыққа ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылып тұрады. Халықаралық әйелдер күніне орай қыздар арасында волейбол, үстел теннисінен жарыс, Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ерлер арасында волейболдан аудан біріншілігі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Әр адам өз денсаулығына, дене сымбатына мән беріп, спортпен жүйелі түрде шұғылдану керек. Спортпен мамандардың айтуымен емес, өз қалауымен айналысса, бұл оның саламатты өмір салтын ұстанушы ұлт болуға қосқан үлесі болар еді.

 

Сұқбаттасқан Серікбай ХАСАНОВ