28.05.2015, 8:04
Қараулар: 39
Бағдарламаның «жемісі» дейтін КОМПАНИЯЛАР БАРШЫЛЫҚ

Бағдарламаның «жемісі» дейтін КОМПАНИЯЛАР БАРШЫЛЫҚ

БЖК-2020


«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғалы бері өңірімізде жалпы шамасы 90 млрд.теңгеге 292 жоба демеуқаржыландырылған.


«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық  филиалының директоры Ербол Иденовтың айтуынша, бағдарлама жаңадан іске қосылғанда кәсіпкерлер аса белсенділік танытпағанмен, уақыт өте келе мемлекет тарапынан нақты көмек болатынын көрді. «Кәсіпкерлерді бағдарламаға белсенділікпен қатысуға шақырамын. Өйткені бұл бағдарлама шеңберіндегі мемлекет ұсынып отырған жеңілдіктер шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Өткен жылдың он айы ішінде «Даму» қорының кепілдігімен 24 жоба мақұлданса, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 8 жоба қаралды. Кәсіпкерлердің екінші деңгейдегі банктерге салатын кепілзаты жетіспеген жағдайда, «Даму» қоры кепілдік етеді. Кепілдік берудің бірнеше бағдарламасы бар. Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге «Даму» қоры банк несиесі шамасының 80 пайызына кепілдік береді», – деді Ербол Асылбекұлы.  Оның айтуынша, саудамен айналысатын кейбір кәсіпкерлер заман талабына сай өңдеу саласына ден қоюда. Қазір өңдеу, қызмет көрсету салалары мен логистикалық бағыттағы түскен жобалар қаралып, қолдануда.

Аймақтық үйлестіру кеңесінде «KazConstrucionGroup» компаниясының құбыр өндірісі жобасын несиелік пайызын субсидиялауды жалғастыру мақұлданды. Бір қызығы, іргелес Атыраудағы және өңіріміздегі полиэтилен құбырлары зауыттарынан кейін іске қосылса да, облыс нарығынан өз орнын таба білген бұл компанияның өндірістік тәжірибесі кеңес мүшелерінің қызығушылығын тудырды.

– 2010 жылы компаниямыз су, кәріз желілерін жаңарту жұмыстарына қатысты. Сол кезде полиэтилендік құбыр өндірісін жолға қойып, өнімдерімізді өзіміз пайдаланудың тиімділігін бағамдадық.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының арқасында құбыр өндірісін жолға қойдық. Бағдарлама көмегімен инфрақұрылымдар жүргізілді. Мемлекет есебінен зауытқа электр желісі тартылып, жол салынды, су жүйесі жаңартылды, кәріздік желілер тартылды, – деді компанияның бизнесті дамыту жөніндегі директоры Алтай Тұяқов. Оның айтуынша, кәріздік құбырлар өндірісіне 30  пайыздық жеке және «Сбербанктің» 70 пайыз несиелік қаражаты салынған. 12 пайыздық банк несиесінің 7 пайызын мемлекет субсидиялаған, соның есебінен қосымша 40 жұмыс орны ашылған. «Наурыз айында несиені субсидиялау мерзімі аяқталды. Бағдарлама бойынша несие мерзімі бітпегендіктен, аймақтық үйлестіру кеңесі компанияны субсидиялауды жалғастыруды мақұлдады», — деді А. Тұяқов.

«KazConstrucionGroup» құрылыс-өндіріс компаниясы төрт  жыл ішінде диаметрі 20-1200 миллиметрлік 10 мың тонна полиэтилен құбырларын  өндіріп, өнімдерімен өңірімізді және өзге де облыстарды қамтыған.

Бағдарламаның «жемісі» деп көрсететін мұндай компаниялар өңірімізде баршылық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал өңір»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар