3.08.2017, 10:45
Қараулар: 327
Білікті маман, қайсар жан еді…

Білікті маман, қайсар жан еді…

Қаратөбе ауданында есімі  кеңінен танымал болған азамат,  кезінде комсомол комитетінде  бірге қызмет жасаған әріптес, қызметтің қандай саласында  болмасын  өзінің іскерлігімен көрінген Набиолла Сафуллиннің өнегелі еңбек жолдарына тоқталуды жөн көрдім. 

Білікті маман, қайсар жан еді...

           Нәкең еңбекқор, ұстанымы жоғары азамат болды. Ол ауылшаруашылығы техникумының ауылшаруашылығын механикаландыру бөлімін бітіріп елге келгеннен кейін алғашқы еңбек жолын трактор бригадасы бригадирінің көмекшісі қызметінен бастады. 1970-1975 жылдары Орал ауылшаруашылығы институтында оқып «Инженер-механик» мамандығын алды.
Мамандығына сай Егіндікөл, Қоскөл кеңшарларында шеберхана меңгерушісі, механизаторлар даярлайтын курстың меңгерушісі, механик, бас инженер қызметтерін атқарып өз ісінің кәсіби шебері ретінде танылды. Нәкең белсенді маман, іскер ұйымдастырушы болып қалыптасып, ұжымның ыстық ықыласына бөленді. Аудандық кеңестің депутаты болып сайланып аудандық аурухананың салынуына қаражат бөлдіруге зор ықпалын тигізді.
Набиолла Қоскөл кеңшарында инженер, комсомол комитетінің хатшысы қызметтерінде болған кездері Есенаман Қадырғалиев жетекшілік еткен жастар бригадасы мал азығын дайындауда алдына жан салмады. Есенаманның еңбегі бағаланып «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды. Мал азығын дайындаушы бригаданың тракторларын қажетті мөлшерде жанар-жағар маймен қамтуда озат көлік жүргізушілер Сайлау Амандықовтың, Марат Ғалиевтің, Мағжан Пұсырмановтың және тағыда басқалардың еңбектері ерекшеленді.
Қысы-жазы техникалардың тоқтаусыз жүруін қамтамасыз етуде үшін шеберханада ұста болып жұмыс жасаған комсомол мүшесі Темеш Сәрсенғалиевтің еңбегі көпке кеңінен танымал болды.
Нәкең техникаларға қажетті бөлшектерді іздестіруде Мәскеудегі зауыттармен өзі байланыс жасайтын. Қажетті бөлшектерді жеткізуге ұқыпты, жауапкершілігі жоғары механизаторларды жолдайтын. Соның арқасында Қоскөл, Егіндікөл кеңшарларының механизаторлары қосалқы бөлшектерден тарықпай жоспарлы жұмыстарды белгіленген межеден асыра орындайтын.
Набиолла жиналыстарда сөйлегенде, механизаторлармен пікірлескенде түйінді сындар мен әңгімелерді жақсы айтатын. Айтылған сындары басшылар мен тыңдарманды бейжай қалдырмай толғаныстар туғызатын. Ол әрбір адамның ел келешегін ойлап адал қызмет етуін қалайтын. Осындай ойлар оның жанын қинайтын.
Өзіне қандай жұмыс тапсырылса да оны тиянақты атқарғанына көзі жетпей көңілі тынбайтын Набиолладай ардагердің өнегелі еңбек жолдарын
кейінгі жастардың білгені дұрыс.
Жерлесіміз Тұман Қанатқалиевтің кітабында «Талшыбықтар жылдар өте бәйтерекке айналады екен» дегеніндей Набиолланың ұрпақтары оның армандап кеткенін қазіргі уақытта жүзеге асырып өздерін өмірде көрсетіп келе жатыр. Нәкеңнің жолын жалғаушы ұрпақтарының өмір жолдары жақсылыққа кенеле берсін демекпін.
Ар-намысты биік ұстаған, адам баласының санасына серпіліс туғызатын пікілер айтатын Набиолла 2004 жылы дүниеден озды.

Сайлау ФАЗЫЛОВ,
тыл және еңбек ардагері,
Қаратөбе ауданының
құрметті азаматы