23.07.2019, 17:36
Қараулар: 137
Бүлдіршіндерді қуантты

Бүлдіршіндерді қуантты

Адамның ізгі қасиеті оның адамгершілігімен таны- лады демекші, ауыл адамдарының мейірімділігі мен қарапайымдылығын қоғамда көріп жүрміз.

Ауылдастарына сыйлы, қайырымдылығы мол жандардың бірі – Қоржын ауылының азаматы Қалимұрат Сариев. Аққозы ауылдық округіндегі «Дәулет» шаруа қожалығының жетекшісі Қалимұрат жуырда Алматы қаласына барған сапарында оңтүстік астанадан ойыншықтар әкеліп, ауылдағы балабақшаның бүлдіршіндерін бір қуантты. Қалимұрат аға бұдан бұрындары да ауылдағы игі істерге белсене атсалысып келеді. Қайырымдылық айлығында жағдайы төмен отбасыларға қолұшын созып, әркез көмектесіп жүрген мейірімді ауыл азаматының ізгі ісі өзгелерге үлгі. Бір отбасының балаларына киім-кешек, оқу құралдарын алып берсе, енді бір ауыл адамдарын мал азығымен қамтып, әрдайым көмектесіп жүреді.

Көктем мезгілінде ауыл іргесіндегі өзеннің суы тасып, байланыс қиындаған кездерде елжанды аға Қалимұрат Серікбайұлы шаруашылығындағы техникаларымен ауыл тұрғындарын өзеннің арғы-бергі бетімен қатынастыруға зор ықпалын тигізді. «Қуантсаң, баланы қуант» демекші, балаларға сыйлыққа түрлі ойыншықтар ұсынған Қалимұрат Серікбайұлына мектеп ұжымы дән риза.

 

Ерболат Райсов