13.08.2019, 9:34
Қараулар: 731
Бұлақ көздері тазартылды

Бұлақ көздері тазартылды

Қалдығайты өзені арнасының тартылуына байланысты аудан жастарының «Бұлақ көрсең, көзін аш» акциясын жүзеге асыруды қолға алғанын айтқан болатынбыз. 12 тамыз күні аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан бастаған бір топ жастар Қаракөл ауылдық округі аумағындағы Таян өзенінің бойында құмығып қалған бірнеше бұлақтың көзін ашты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жер бедері сай-салалы болып келетін Қаракөл ауылдық округінің аумағындағы бұлақтарды анықтаудан басталған аталмыш акцияға округ жастары да белсенділік танытты. Ақтайсай ауылынан 6-7 шақырым жердегі Таян өзені бойына бастап апарған округ жастары бұлақ көзін ашуға зор көмектерін көрсетті. Алдымен сол жерді жақсы білетін адамдардың айтуымен өзен бойын жағалап алғашқы бұлақ көзіне кезіккенде суы болар-болмас баяу ағып жатты. Қайратты жас жігіттер бұлақ көзін күрекпен тазалап, топырақтарын ала бастағанда-ақ суы өне бастады. Аздап лайы тұнғаннан соң бұлақ суының дәмін татқанымызда мұп-мұздай тұщы су екендігіне көзіміз жетті.

Туған жердің табиғатына жанашырлық танытқан жастардың бастамасымен қолға алынған акцияның маңызына тоқталған Жасұлан Кәрелұлы:

– Биылғы жыл Жастар жылы болып жарияланды. Осы орайда ауданымыздың жастары бірқатар түйткілді мәселелерді шешуге бастама көтерген болатын. Бүгін міне «Бұлақ көрсең, көзін аш» акциясын бастап отырмыз. Ондғы мақсатымыз – округтердегі бұлақтар санын есепке алу, олардың көздерін ашу. Түптеп келгенде өзеннің тартылып қалмауына, жерасты суы және бұлақ суымен молығып, қайта қалпына келуіне барынша күш салуды көздедік. Табылған бұлақтарды қол күшімізбе тазалаудамыз, әрі қарай қолдау болса бұл жерлерді кеңінен тазалау жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі таңда басқа да округтерден бұлақ көздері туралы мәліметтерді алдырдық. Есепке алынған бұлақ көздерін тазалау барлық округтерде де жалғасатын болады, — дейді.

Аудан аумағындағы бұлақтар санын анықтап, олардың картасын жасақтап және кординаттарын белгілеу үшін арнайы бірге барған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Гүлзира Мағзомова мен аудандық жер кадастр бөлімінің басшысы Айдарбек Семенов әр бұлақтың мәліметін жазып отырды. Олар болашақта бұлақтар мәліметін ауданның электронды картасына енгізбек. Кординаттарымен картаға енгізілген бұлақтарды кез-келген адам  JPS арқылы оңай тауып ала алады.

Басталған акцияның алғашқы сапарында Таян өзенінің бойынан төрт бұлақ көзі табылып, тазаланды. Бұл жұмыстар аудан көлемінде жалғаса бермек.

 

Серікбай ХАСАНОВ