15.02.2019, 17:27
Қараулар: 434
Доп додасы өтуде

Доп додасы өтуде

          Қаратөбе ауданында Жастар жылына орай спорттық, мәдени-көпшілік шаралар кең ауқымда өткізілуде.
Арнайы жоспарға сәйкес  аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде мекемелер  арасында шағын футболдан аудан біріншігі басталды.


Турнирде аудандағы 9 мекеме және аудан әкімдігі қызметкерлерінен құралған командалар бақ сынасуда.
Шараның мақсаты мекеме қызметкерлері  арасында ауызбіршілікті қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттау.
          – Ауданымызда соңғы кездері шағын футбол ойынына қызығушылық қарқын ала түсті. Бұл турнирде аудандық орталық аурухана, аудандық спорт клубы, білім бөлімі және ауыл жастарынан құралған «MG» құрамалары өздерін жақсы қырынан көрсетіп, сайыстың фавориттері атанды. Турнирде әр команда қарсыластарымен 16 ойын өткізетін болады. Барлығы 90 ойын өтеді, — дейді ұйымдастырушылар.

Өткен аптада басталған доп додасы әр аптаның бейсенбі және жұма күндері өтеді. Барлық ойында жүзден жүйрік шыққан командалар арнайы кубоктар мен бағалы сыйлықтарға ие болады. Сонымен қатар, жанкүйерлердің қолдауына ие болған ең үздік командаға да арнайы жүлде берілмекші.

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы