28.05.2018, 16:57
Қараулар: 67
Дәстүрлі өнерге жан бітірген мега жоба

Дәстүрлі өнерге жан бітірген мега жоба

Бүгін Қаратөбе ауданында дәстүрлі әнші, термеші, күйшілердің өнерін шыңдап, талантын ашуды көздеген «MEN QAZAQPYN» мега жобасының аудандық іріктеу кезеңі өтті.

Бабалардан мирас болған ұлттық өнерді ұрпаққа насихаттауды қолға алған айтулы жобаның іріктеу кезеңіне қазылық ететін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсентегі бастаған қазылар алқасын аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан бастаған топ аудан орталығына кіреберістен ақ дәм ұсынып, құрметпен қарсы алды.

Ұлттық өнерді дәріптеуді мақсат тұтқан жоба ұйымдастырушылары алдымен үш жүзге ән оздырған Мұхит Мерәліұлының, дарынды күйші Ұзақ Мырзабайұлының кесенелеріне барып, бабалар рухына тағзым етіп құран бағыштады. Сонымен қатар, Қарақамыс ауылының орталығына орнатылған Мұхиттың, бұлбұл көмей әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің Қаратөбедегі ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. 

«MEN QAZAQPYN» халықаралық телевизиялық мега жобаның екінші айналымының аудандық кезеңінің қазылар алқасы аудан әкімі Жанат Асантаевтың қабылдауында болды.

Қасиетті Қаратөбе жеріндегі сапарларының табысқа толы болуына тілектестігін жеткізген аудан басшысы Жанат Асылханұлы ұлттық бірегейлік пен ұлттық сананы дамытуда зор ықпалға ие байқау барысына сәттілік тіледі.

Серікбай ХАСАНОВ,

                            Қаратөбе ауданы