2.04.2019, 17:15
Қараулар: 620
Егіндікөлде мал бағымы мәселе емес

Егіндікөлде мал бағымы мәселе емес

Ауыл адамы малдан алынатын өнімдерді азыққа пайдаланып, ауысқанын сатып, күн көріс қылады. Қолдағы бар қаражатын жұмсап, қысқы азығын дайындайды. Малын қыстан аман-есен шығарған ауыл тұрғындарын жылдағы дәстүрге сай «Көктемде малды қалай бақтырамыз?» деген ой мазалайды. Төрт түлік қараусыз қалса, мал ұрлығына жол беріледі. Екіншіден жол-көлік қозғалысына кедергі жасап, зиянын тигізіп жататыны тағы бар. 

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қанат Бадақовтың айтуынша, қазіргі таңда ауданда 10 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істеуде.

Халық көп шоғырланған аудан орталығында мал бағымын ұйымдастыру мәселесінің жай-жапсары жайында, осыған орай жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Қаратөбе ауылдық округі әкімінің орынбасары Бекболат Бердіғалиев: «Мал бақтыру мәселесіне байланысты Қаратөбе ауылында жиналыс өткіземіз. Онда жылыту мерзімі аяқталғаннан кейін, алдағы күздегі жылу беру маусымына дейін уақытша жұмыстан босайтын операторларды бақташылыққа тарту мәселесі қаралмақ. Орталықтағы мал бағымына байланысты сұрақтардың жауабы жиналыстан кейін белгілі болады. Осыған орай 2-3 сәуірде округке қарасты ауылдарға барып, күн тәртібіндегі мәселені халықпен бірлесіп шешпекпіз», – деді.

Аудан орталығында мал бағымына байланысты жұмыстар әлі күнге дейін жоспарланып жатса, Егіндікөл ауылдық округінде аталмыш мәселе шешімін тауып, тұрғындар игілігін көруде. Бұл ауыл халқы мен жергілікті биліктің ынтымақта жұмыс жүргізіп, ортақ мүддеге бірлесіп қол жеткізулерінің нәтижесі болса керек.

Егіндікөл ауылындағы «Қызылжар 2» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі малды бес бағытқа өрістетуді бастап кеткен.

– Кооперативтің құрылғанына 3 жылдай уақыт болды. Қазір құрамында 129 мүше бар. Құрылған алғашқы жылы «Өрлеу» бағдарламасына қатысқан екі отбасының қаражатына мал бағу үшін бір-бірден ат алынып берілді. Өткен жылы бес бағытта мал бағушылардың барлығына кооператив есебінен бес жылқы берілді. Алғашында 10 асыл тұқымды бұқа алынған болатын. Бүгінде мал санына қарай тағы да 11 бас асыл тұқымды аталық бұқамен көбейту көзделіп, Қостанай облысындағы «Терра» ЖШС-не сұраныс берілді. Аталмыш ЖШС 11 асыл тұқымды бұқасын бес бағыт бойынша қосып, бағым аяғына дейін ұстауға мүмкіндік береді де, бағым аяқталысымен кейін қарай алып кетеді. Бұл – кооператив үшін қолайлы.

Ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен жиналыста бақташылар бағымдағы әр бас мал үшін төленетін төлем бағасын көтеру туралы ұсыныс тастаған еді. Бақташыларға ат алынып берілуіне байланысты бағаның көтерілуіне шек қойылды. Ауыл халқы да мұны құптамады. Сондықтан әр малға төленетін төлем бұрынғыдай 500 теңге болып қала берді. Баға біздің округімізде аудан бойынша төмен екен, сонымен қатар шөптің бір тіркемесі өткен жылы 17 мың теңгеден сатылды. Бұл да мал азығына байланысты аудан бойынша ең арзан болып саналады.

Бұрын бұзауға да субсидия қарастырылған болатын. Ол кейінгі өзгерістерге байланысты төленбей қалды. Осындай жеңілдіктердің алынып қалуы кооператив жұмысына кері әсерін тигізбей қоймады. Құдайға шүкір, ауыл халқының бірлігі арқасында кооперативтің жаңа төрағасы сайланып, бүгінде жұмысы жалғасуда. Бақташылардың отбасындағы адамдарды кезегімен жұмысқа тартып отырамыз, – дейді округ әкімі Абат Кәрімұлы.

Округ әкімі айтса айтқандай, атқарылған жұмыстарға ауыл халқы куә. Округ әкімі аппаратының бас маманы қызметін ұзақ жылдардан атқарып келе жатқан Жанболат Иманғалиев ауыл тұрғындарының еңбекке деген құлшынысының зор екендігі көңіл қуантатындығын айтады.

Егіндікөл ауылдық округінде көктемгі жұмыстарды ұйымдастыру деңгейі жоғары, өзгелерге үлгі боларлықтай.

 

Ерболат МЫРЗАҒҰЛҰЛЫ