2.05.2017, 9:50
Қараулар: 302
Елден шыққан рота командирі

Елден шыққан рота командирі

Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Қүштерінің құрылғанына 25 жыл толып отыр.
Отан қорғау ісіне бойында патриоттық сезімі жоғары, елжандылық қасиеті басым азаматтар ғана тәуекел жасайтындығы белгілі. Әскери маман болуды бала кезден армандап, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласындағы №97616 әскери бөлімінде рота командирі қызметін атқарып жүрген жерлесіміз, аға лейтенант Данияр Мұхамбетқалиев туралы әңгіме өрбітпекпіз.

Елден шыққан  рота командирі

Данияр 1991 жылы  Жусандыой ауылдық округіне қарасты Ханкөл ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келеді. Әкесі Айболат пен анасы Қибат 6 бала тәрбиелеп отырған қарапайым еңбек адамдары. Мектеп қабырғасынан бастап әскери адам болуды

жаны қалаған Данияр 2009 жылы Ханкөл жалпы орта білім беретін мектебін бітірісімен Алматы қаласындағы жаңадан
ашылған радио-электроника және байланыс әскери инженерлік институтына құжаттарын тапсырады. Аталмыш оқу орнына оқуға тапсырған 800 үміткердің ішінен таңдалынып алынған 200 курсанттың қатарында біздің Даниярдың есімінің болуы ата-анасы мен
ұстаздарының төбесін көкке жеткізіп, олардың мақтанышына айналды.
Институтты бес жыл оқып, радио инженері мамандығы бойынша тәмамдайды. 2014 жылы бөлінген бағыты бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласындағы №97616 әскери бөліміне алдымен басқарма
пункті бастығы қызметіне жолдайды. Аздаған тәжірибе жинағасын рота командирі лауазымына көтеріпті.
– Жалпы әскери адам Отанның, ата-ана, туған жер сынды қасиетті ұғымдарды санасына сіңіріп, еліне адал қызмет етуді басты
ұстаным етуі шарт. Атқаратын негізгі қызметім Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбаздарды қабылдап алып, олардың қауіпсіздігіне жауап беру.
Өзім қызмет атқарып жүрген №97616 әскери бөлімі Қарулы Күштердің әуе қорғанысына жауап береді. Әуе қозғалысының бағыттарын айқындап, бақылауда ұстау негізгі қызметімізге кіреді. Әскери адам болуға отбасымдағы тәрбие, сонымен қатар алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Рүстем Омаровтың ықпалы да зор болды, — дейді Данияр.
Жемісті қызметінің арқасында рота командирі лауазымын арқарып жүрген Данияр Айболатұлы 2015 жылы отбасын құрып,
жолдасы Мақпал екеуі Нұржігіт атты ұл тәрбиелеп отырған жас жанұя.
Жерлесіміз Данияр сынды рухы биік, елжанды азаматтарымыз бар кезде еліміздің бейбітшілігі мен тыныштығы тұрақты боларына сеніммен қараймыз.

Серікбай ХАСАНОВ,
«Қаратөбе өңірі»