20.02.2019, 19:06
Қараулар: 73
Ел сүйсінген жанұя

Ел сүйсінген жанұя

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қаратөбеде ауданның зиялы қауым өкілдері және жетістікке жеткен отбасылары туралы «Жетістік жолы» жобасы бастау алды.  

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде өткен бүгінгі шараға көпбалалы Бекболат-Гүлжанат Өтеповтер жанұясымен қатысты.  Кездесудің мақсаты жастарға жетістік жолына жетудегі негізгі қағидаларды түсіндіріп, отбасылық құндылықтар, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын насихаттау болды.

Өнегелі отбасының балалары Райымбек республикалық ақындар айтысында талай жүлде алып, ақындық өнерді насихаттап жүрсе, Мұқағали боз кілемді бағындырып жүр. Былтырғы жылғы «Жыл үздігі-2018» жастар премиясының «Үздік жас спортшы» номинациясының жүлдегері.

Тәрбие тал бесіктен басталатындығын басты назарда ұстайтын отағасы Бекболат Өтепұлы балаларының бойынан байқаған өнер ұшқынын одан әрі дамытуға кедергі жасамауды жөн көрген.

–  «Бұлақ көрсең көзін аш» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Райымбектің ақындығын ұстазы Ертай Бимұханов алғаш байқап, өз қамқорлығына алды. Ал, Мұқағалидың күреске икемдігін байқап өзім спорт мектебіне бердім. Басқа балаларыма да болашақта өздері қалаған іспен айналысуына барымша мүмкіндік беремін, — дейді Бекболат Өтепұлы.

Төрт бала тәрбиелеп, ұрпағының жетістікке жету жолында қолдау білдіріп, еңбек етіп жүрген ата-ананың болашақтан күтері көп.

Шара барысында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов және аудан жастары сұрақтар қойып, ақ жарма тілектерімен бөлісті. Әсем ән шырқалып, арнау айтылды.

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы