13.03.2019, 10:30
Қараулар: 147
Ертең – Көрісу күні

Ертең – Көрісу күні

– Ассалаумағалейкум, ата!

– Бір жасыңмен, айналайын…

Осылайша, қырдағы ел ойдағымен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасатын 14 наурыз – Көрісу мейрамы да келіп жетті. Еліміздің батыс аймағы Наурызды елден ерек қарсы алатыны белгілі. Кей өңірде «Амал» деп аталатын бұл күнде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Шығыстан шыққан күнмен бірге көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып, дастарқанын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарқанға тәттілерін қосып үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп көрісіп шығады. Жасы кіші отбасы мүшелері үлкендермен көрісіп, баталарын алады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек. Біреуге реніші бар жандардың өкпесін ұмытып, төс қағысатыны да осы күн. Сөйтіп, арадағы суық қарым-қатынастың жібі үзіліп, көрісу күні адамдар бір-бірімен қайта табысады. Сондықтан бұл күні әркім мүмкіндігі болса бүкіл ауылдың табалдырығын аттап шығуға тырысады.

– Бұл күн жасы үлкенге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс, имани салт деп білемін. 14 наурыз – отбасымыз үшін үлкен мереке. Көрісу күніне 13 наурыздан бастап әзірленемін. Келіндерім бауырсақ, шелпек пісіреді. Амандасуға келген балаларға тәттілерімді дайындап отырамын, – дейді зейнеткер Гүлбағида Қорғанова.

Бүгінгі күні Қазақстанның Батыс аймағына берік орныққан бұл дәстүр жыл сайын жергілікті халық сағына күтетін бірден-бір салт болып отыр. Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы мерекеде мәре-сәре болған жұрт көтеріңкі көңілмен Ұлыстың ұлы күнін күтеді.

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА