10.04.2019, 10:29
Қараулар: 55
Еңбегі еселі «Өтебаш»

Еңбегі еселі «Өтебаш»

Жаймашуақ көктем жаңарған табиғатпен қоса жан-жануарлар қайта түлейтін керемет кезең. Осы мезгілде қырдағы шаруаның малы төлдеп, қойы қоздап, жұмысы көбейеді. Егіндікөл ауылдық округіне қарасты Каленин қыстағында да түрт түлік өрістеп, сақманның қызған кезі. Осындай жұмыстардың бел ортасында жүрген, елді мекенге мал қыстатып, атакәсіпті дөңгелетіп отырған «Өтебаш» шаруа қожалығының жетекшісі Айгүл Баянованы нағыз еңбексүйгіш жан десе де болады.

Әуелгіде Айгүл жолдасы Жүсіп екеуі ақылдаса келе «Өтебаш» шаруа қожалығын құрады. 1999 жылы шаруашылықты ашқан кезде небәрі 40 сиыр, 200-ге тарта қойы болған екен. Еңбекқор жандардың маңдай тері мен қажырлы еңбегінің арқасында қазіргі таңда ірі қара 560-қа, қой 1500-ге жетсе, 60 жылқысы қыстай тебіндеп шыққан.

Қожалық құрылған жылдары округте мал дәрігері қызметін атқарған отағасы Жүсіп Жайғалиев кейін жеке шаруашылыққа түбегейлі көңіл бөледі. Қазіргі таңда олар мал басын асылдандыру бағытында жұмыстанып келеді. Өзге қожалықтар бұлардан асыл тұқымды бұқа мен қашарлар сатып алуда. Сәйкесінше бұларға мемлекет тарапынан субсидия төленуде.

Тынымсыз тірлік пен табандылықтың арқасында өткен жылы лизингке «Беларусь – 82» тракторын алса, биыл трактормен қоса шөп шабатын құрылғыларға да қол жеткізді.

Еңбектің қадірін жақсы білетін жандар мал бағымын ұйымдастыру үшін 9 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тіпті шаруашылыққа көмектесіп жүрген қызметкерлеріне Егіндікөл ауылының орталығынан екі тұрғын үй сатып алып беріп, қамқорлық танытты.

– Жұмысты жақсы атқарған еңбеккерлерге қолдан келген көмегімізді аяған емеспіз. Шүкір, ісіміз оңға басуда. Ұзындығы 50 метр мал қорасын салып жатырмыз. Мал басын көбейту, асылдандыру бағытында жұмыстана бермекпіз. Алдағы уақытта дүкен ашып, ауыл орталығынан тойхана салу жоспарымызда бар. Атақонысын көркейту әр азаматтың мақсатына айналса игі, – дейді ісін дөңгелетіп отырған Айгүл Баянова.

 

Серікбай ЖӘЛЕЛҰЛЫ