27.11.2018, 12:08
Қараулар: 157
«Еңбек кубогі» шөптікөлдіктерге бұйырды

«Еңбек кубогі» шөптікөлдіктерге бұйырды

24 қараша күні Саралжын ауылдық округінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және «Қаратөбе» спорт клубының ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай Саралжын ауылдық округі әкімінің жүлдесі үшін волейболдан ерлер арасында «Еңбек кубогі – 2018» аудан біріншілігі оздырылды.

Жарыстың ашылу салтанатында алғаш боп сөз сөйлеген округі әкімі Жасұлан Ермеғалиев  барша тұрғындарды осынау айтулы мерекемен құттықтай отырып,  жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аталған жарыста Қаратөбе, Аққозы, Сулыкөл және Жусандыой ауылдық округтерінен, сондай-ақ Шөптікөл ауылынан командалар қатысты.  Саралжын ауылдық округі атынан қос бірдей команда бақ сынады. Барлық командалар екі топқа бөлініп, кім мықтыны анықтады. «А» тобында ешкімге есе жібермеген Аққозы ауылдық округінің командасы «Б» тобынан екінші орынмен жартылай финалға шыққан «Саралжын-1» жастарын жеңсе, «Б» тобының мықтысы Шөптікөл командасы қаратөбеліктерді жерге қаратып финалға жолдама алды.

Қола жүлде үшін бәсекеде Қаратөбе ауылының командасы жігер танытып жарыс қожайындарын тізе бүктірді. Ал тартысты өткен финалдық кезеңде жарыс басталғаннан-ақ  атой салған шөптікөлдіктер аққозылық жігіттерден мықты екендіктерін дәлелдеп, жеңіс тұғырынан көрінді.

– Жарыс қорытындысында «Үздік байланыстырушы» болып Дидарбек Мұзафаров (Аққозы) танылса, «Үздік шабуылшы» аталымы өз командасын алға сүйреген Оралбай Берікұлына (Шөптікөл) табысталды. Ал, «Үздік қорғаушы» аталымына қаратөбелік Нұрлан Есболсынов, «Көрермен көзайымы» аталымына Муса Айдынғали (Саралжын) әбден лайықты болды.

 

Жарыс жеңімпаздары арнайы кубоктармен, медальдармен және ақшалай жүлделермен марапатталды.

Айта кетерлік жайт, жарыстың жоғары деңгейде өткізілуіне бірден-бір себепші болып, демеушілік жасаған «Орынбасар», «Игілік», «Мұратжан» шаруа қожалықтарының жетекшілеріне сондай-ақ Н.Ғабдрахманов, Ж.Мұқашов сынды ауыл азаматтарына ауылдастары дән риза, — дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының Саралжын ауылдық округі бойынша маманы Меңдіқожа Ғабдолов.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы