29.03.2019, 18:19
Қараулар: 66
Жастарға қолдау жан-жақты  

Жастарға қолдау жан-жақты  

Бүгін аудан әкімі Жанат Асылханұлының қатысуымен аудандық мәдениет үйінің фойесінде жастар форумы өтті.

 

«Мәңгілік елдің жастары»  атауымен  өткен форумға округ әкімдері және жұмысыз жастар сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы бойынша «Zhas projekt» жобасының өңірлік координаторы  Оралбек Жандауов қатысты.

Жиында сөз алған аудан әкімі Жанат Асантаев  тәуелсіз еліміз гүлденіп, қарыштап дами түсуі үшін жастардың тың идеялары, орнықты пікірлер, алғыр шешімдер мен туған жерге деген жанашырлық керектігін тілге тиек етті. Шараға жиналған жастардың баршасын отаншылдық сезіммен, жалынды жігермен туған елге  қызмет етуге шақырды.

Жастарға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын жоба туралы түсінік беру үшін ауылдардағы жұмыссыз жастар мен ауылдық округ әкімдері шақырылып ортақ  ойларымен пікірлерін  ортаға салып талқылауға арналды.

– Бүгінгі күні бұл жастарға өте жақсы көмек. Жас кәсіпкерлерге өзінің бизнесін жолға қоюға сондай мүмкіндіктер беріп жатыр. Жастардың идеясы мықты, жоспары сақадай-сай болғанымен, қаржы қолбайлау болса, бизнес әлеміне еркін ену мүмкін емес. Ал «Zhas Project» жобасы бастамашыл жастарға қаржылай демеушілік жасап,  жеңімпаздарға 1 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы береді. Ал биыл «Zhas Project» жобасы Батыс Қазақстан облысында алғаш рет іске асып, жеңімпаздар анықталды. Сондықтан жобаға қатысыңыздар, — дейді шара барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша «Zhas projekt» жобасының өңірлік координаторы Оралбек Олжасұлы.

Шара барысында түрлі сұрақтар қойылып, жастар ұсыныстарын ортаға салды.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы