13.08.2019, 12:46
Қараулар: 65
Жастар күні тойланды

Жастар күні тойланды

Аудан орталығында Халыққаралық жастар күніне арналған «Жастар жарқын болашаққа» атты мерекелік кеш өтті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жастар –  қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы.

Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады.

Жастар күніне орай аудан жастарын мерекелерімен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан:

  • ­ Барша жастарды бүгінгі Жастар күнімен құттықтаймын. Қазақ халқында жастарға мол сенім артылып елдің болашағы жастардың қолында екендігі үнемі айтылып келеді. Ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған жердің иесі Сіздерсіздер. Күллі әлем білім бәсекесіне түсіп жатыр. «Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығар» дегендей қазіргі жастардың білімді болуы бүкіл дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттер қатарына Қазақстанның қосылуы жастардың білімділік деңгейіне байланысты.

Биылғы жылы Жастар жылы деп жарияланды. Ауданымызда 4  мыңға жуық  жас тіркелген. Жастар жылында «Zhas Project» жобасы қолға алынып ауданымызда 18 әлеуметтік жоба жеңімпаз атанса, тың жобаларын жүзеге асырмақшы кәсіпкерлерге 252 мың теңге көлемінде грант бөлінуде.  Ауданда «Жасыл ел» жасағы 90 жасты жұмысқа тарты. Мектептерді аяқтаған түлектеріміздің 70 % мемлекеттік грантта оқып жүр. Біздің міндетіміз – елжанды, Отанын сүйетін жас буынды қалыптастыру, — деді.

Түрлі мәдени-көпшілік, спорттық шараларда белсенділік танытып жүрген жастарға аудан  мәдениетіне қосқан үлестері үшін алғысхатпен Қайрат Абайұлы, Алина Асхатқызы, Жанниет Қуанышқызы, Мерей Сағызбайұлы, Елдос Мұратұлы, Тасболат Серікқалиұлы, Нұрлан Азаматұлы, Әсия Ермұратқызы марапатталды.

Мерекелік кеш барысында Айзат Сағызбай «Бауырыңнан артық табылмас», Еркебұлан Олжағали «Түнгі лирика», Елдос Өтегенов «Fairytale», Қыдырнияз Егінғали «Аңсайды жаным» әндерін шырқаса, «Інжу» би тобы үнді биін, Нұрасыл Айбеков «Кавэр дэнс» биін билеп берді.

Халықаралық жастар күніне арналған мерекелік концерт Нұрбек Таменовтың «Биле, жастық» әнімен қорытындыланып, от шашуға ұласты.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА