7.02.2019, 15:39
Қараулар: 26
Жастар – қоғамның қозғаушы күші

Жастар – қоғамның қозғаушы күші

         Жастарға мол мүмкіндік беретін Жастар жылының жарияланғанына бір адамдай қуандық. Елбасы жастармен кездесуде елдің болашағын айқындайтын толымды ойларын тағы да ортаға салды. Мемлекет мықты болу үшін жастар білімді болып, елдің экономикасын көтеру үшін кәсіпкерлікпен мықтап айналысуы керек екендігін де атап өтті. Республиканың аймақтарында іс-шаралар бастау алып, қызу жұмыстар жүргізілуде. Ал, біздің ауданымызда жастар жылы несімен ерекшеленбек? Аудан жастарының бүгінгі ахуалы қалай? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Эльдар Амантаев мырзамен өткізілген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

        Эльдар Ниязбекұлы,  келіп жеткен жастар Жылымен құттықтаймыз. Алдымен аудан жастарының ахуалы туралы айтып өтсеңіз?..

   – Біздің ел дамудың жаңа кезеңіне енді. Мемлекет алдында жаңғыртудың жаңа міндеттері тұр. Мықты әрі гүлденген Қазақстан — Ұлт көшбасшысының жобасы, оның ойларын жүзеге асыруда негізгі рөл, ең алдымен, қазақ жастарына жүктеледі. ХХІ ғасырдың ортасына дейін Қазақ елінің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруді де орындайтын жастар.

Ауданда Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындауда жастар саясатын жүзеге асыру, одан әрі дамытып, ауданның әлеуметтік жағдайын көтеруге ерекше назар аударылуда. Ауданымызда 14 пен 29 жас аралығында 3992  жас бар. Діни экстремизм және терроризмге қарсы күрес, жастардың кәсіпкерлігін дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі жастарға спорттық шаралар ұйымдастырылуда.

Қазіргі кездегі қоғамдағы ілгерілеушілік өзгерістер, қоғам және мемлекет тарапынан қойылып отырған талаптар ауданда жастар саясат мәселелерінің негізгі бағыттары жұмыстар жүргізуде жаңа сапалы әдістер қалыптастыруды қажет етіп отыр. Соған байланысты аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы өзіне жүктелген міндеттерді алдағы уақытта да жоспарлы түрде жүйелі жұмыстар атқара беретін болады.   Ауданымызда жастар саясатының жүзеге асырылуы қарқын алды. Белсенді жастардың қатары да артып келеді. Мемлекет тарапынан қолдау күшейтіліп, алып күш иелеріне бар мүмкіндік жасалуда. Аудандық «Жасыл ел» жасағы да құрылды.

        Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасын желеу еткен шаралар көп. Бұл ретте аудандық жастар ресурстық орталығы қандай жаңа форматтағы шаралар өткізіп жатыр?

– Өткен 2018 жылы жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу мақсатында «Рухани жаңғыру» бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, «Рухани жаңғыру – елдің болашағын айқындайды», «Жетістік жолы» тақырыбында 200-ге жуық шара өткізілді.

Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.

Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Сондықтан спорттық шара да, мәдени-көпшілік шаралар да түптеп келгенде рухани жаңғырудан бастау алатыны сөзсіз.

Елбасымыз айтқандай, бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы.

         Жастар жылы ауданымызда несімен ерекшеленбек? Жастарға берері аз форумдар мен әңгімелер, мағынасы жоқ флэшмобтардың куәсі болмаймыз ба?

 – Жалпы форум, конференцияларды өткізудегі мақсат – қазіргі жастардың өзекті мәселелері жайында пікірталас өткізіп, талдау жасау. Әсіресе өңір жастары арасындағы қазіргі ахуал мен үрдісті зерттеу, оның аясында рухани, отбасылық құндылықтарды насихаттау,  патриоттық тәрбие және құқық бұзушылық пен діни экстремизмнің алдын алу, жайдарман ойындарын ұйымдастыру жолымен жастарды ұйымшылдыққа шақыру. Сонымен қатар, жастардың шығармашылығын дамыту, қоғамдық белсенділіктерін арттыра отырып, маңызды мәселелерді шешуге тарту болатын.

Үстіміздегі жыл Жастар жылы деп жарияланды. Яғни, жастар үшін бұрынғыдан да көп мүмкіндіктер жасалатынына, шыны керек, қатты қуандық. Қаратөбе ауданы ән мен жырдын ордасы екені даусыз. Осы ұлттық болмысымызды, ұлттық кодымызды жоғалтпай жаңғырта түссек деген ой – ең басты мақсатымыз.

Ең бірінші ұлттық өнерімізді дамыту. Жалпы, өнер өздігінен өрістеп, дамымайтыны белгілі. Оған қашанда қолдау керек. Төл өнерімізді жастар арасында дамытып, оның көкжиегін кеңейтіп, халықтық рухын сақтап қалу, соның түп-тамырына қан жүгіртіп, ұрпақтар еншісіне саф алтындай таза күйінде жеткізуді ойлаймыз. Бұл ретте аудан жастарының басшысы ретінде оқушылар мен студенттерге домбыра, жетіген, қобыз сияқты ұлттық аспаптар үйірмесін көптеп ашуды қолға алмақпын. Және бұл барлық мәдениет ошағында жаппай қолға алынса, оның нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай болатыны талассыз.

Сондай-ақ аудан басшысына өзіміздің жобаларымызды ұсынатын боламыз. Атап айтсақ «Әлеуметтік жоба», «Жас АСАР», телерадио кешенін ашу т.б жобалар ұсынылады. Аталмыш жобалар бойынша алдағы уақытта түсінік жұмыстары жүргізіліп, кеңінен айтылатын болады.

         Жас мамандарға аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы тарапынан қандай қолдаулар бар? Жергілікті жерже жастарға арналған қандай мемлекеттік бағдарламалар жүзеге аспақ?

 –  Біздің мақсатымыз – бел­сен­ділерді көрсете отырып, жастардың нақты мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын айқындау. Бүгінгі заман, болашақ білімдіге тиесілі. Сондықтан, әрбір жастың білім алуы мен жұмыспен қамты­луы үшін күш біріктіре жұмыс жа­сау­ы­мыз керек.

Ендігі кезекте біз жастардың ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге көңіл аударуға тиіспіз. Қазір әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, бола­шақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына тек арнайы жастар бағдарламалары ғана емес, елімізде іске асырылып жатқан білім берудің, денсаулық сақтаудың, Үдемелі индустриялық-инновациялық да­мудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары бағытталған. Олардың қатарында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламалары бар. Елбасы тапсырмасына сәйкес, ауыл жас­тарына арналған «Дипломмен ауылға!» жобасы да жемісін беруде.

«Мемлекеттік жастар саясаты жастарға елі­міздің толыққанды азаматы болуға мүмкіндік беруі тиіс» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қазір ол іс жүзінде жүзеге асырылып, жастар саясаты ел ертеңін айқындайтын басты бағыт екенін дәлелдеуде.

Біз – «ағадан – ақыл, ініден – ізет» деп, кейінгі толқынға сенім ар­та­тын халықпыз. Өңірімізде  жас­тар мәселесі бір сәт те назардан тыс қалған емес. Бүгінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығын­да жұмыс жасайтын ма­ман­дар нәтижелі қызмет ат­қаруда. 20 дан астам жас «Дипломмен ауылға!», 122 жас  «Жастар тәжірибесі», 60  жас «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламаларының қатысушысы атан­ған.

 Сұхбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан Ажаргүл ӘЛИҚЫЗЫ