20.02.2019, 9:31
Қараулар: 474
Жас ақын жарады

Жас ақын жарады

Өткен аптада Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Жастар жырлайды» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Он ақын бақ сынаған сайыста қаратөбелік Райымбек Өтепов айтыстың арнайы жүлдесін қанжығасына байлады. Жыр додасының алғашқы бөлімінде Сыр елінің дүлдүлі Бексұлтан Орынбасармен айтысқан Райымбек бабы мен бағы қатар шауып, финалдық жолдамаға ие болып, Алматының Аруна Керімбегімен жарасымды өнер көрсетті.

– Жүрсіннің жүйріктерімен қатарласып айтысу – мен үшін үлкен мәртебе. Қарсыластарым барынша ағалық, апалық қолдауларын көрсетті. Маған сенім артқан ұстаздарым мен тақымдарын қысып, жанкүйер болған жандарға алғыс білдіремін, – дейді Райымбек.

Жас ақын осыған дейін де бірнеше республикалық айтыстың жүлдесіне ие болып үлгерді. Жас болса да төл өнерді насихаттап жүрген айтыскерге жеңісті күндер тілейміз!

 

Өз тілшіміз