18.09.2019, 15:10
Қараулар: 138
Жас дарындар анықталды

Жас дарындар анықталды

«Ел іші –  өнер кеніші» дегендей қазақ өнерінің үзілмес ұйытқысы, сарқылмас қоры ауылда жатыр. Бойында таудай таланты бола тұра, бармақтай бағы жетіспей, көзден таса қалып келген өнер иелерін елге жарқырата таныту, өнерінің шыңдалуына, өнер әлеміне қанат қағуына көмек көрсету мақсатында аудандық «Дала дарындары» байқауы оздырылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ауданымыздың әр түкпірінен келген өнерпаздар эстрадалық вокал, халық музыкасы, хореография, бейнелеу өнері мен әдеби шығарма аталымдары бойынша сынға түсті.

Жабық түрде өткізілген байқауға Қаратөбе саз мектебінің директоры Аягүл Миллатқызы, Қаратөбе мектеп-гимназиясының бейнелеу өнері мен сызу пәнінің мұғалімі Мейрам Өтепқалиев, аудандық мәдениет үйінің  әншісі Рысгүл Жұмағалиева, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты әнші, термеші Нұршат Жұбайұлы және 2018 жылғы облыстық «Дала дарындары» байқауының лауреаты Меңдіқожа Сағидоллаұлы қазылық етті.

Додаға түскен қатысушылар сахнаның көркін келтіріп, өнерлерін  ортаға салды. Көп жүйріктің ішінен шын жүйрікті табу қазыларға оңайға соқпағаны анық. Байқау қорытындысында би аталымы бойынша «Інжу» би ансамблі (Қаратөбе), Саралжын ауылынан келген Ақылбек Амантаев көркем сөз оқудан, Еркебұлан Олжағали терме жанры бойынша , вокал жанрынан Рүстем Ақташев (Қаратөбе) және Нұржан Салауат (Саралжын), халық музыкасы аталымынан Гүлім Әділгереева (Қаратөбе саз мектебі) мен қолөнер бойынша Әлібек Сыдықов (Ақтайсай) үздік деп танылып, облыстық  байқауға жолдама алды. Басқа өнерпаздар алғысхаттармен марапатталды. Облыста аудан намысын қорғайтын өнерпаздарға сәттілік тілейміз!

Тұрсынай НАҒЫМОВА,

Қаратөбе ауданы