7.02.2019, 16:16
Қараулар: 362
Жас кәсіпкерлегерге қолдау бар

Жас кәсіпкерлегерге қолдау бар

 – Президенттің форум барысында айтқан бастамалары мен тапсырмалары Қазақстанның жас буынын жан-жақты қолдауға бағытталған. Мәселен, жас кәсіпкерлерге берілген мүмкіндіктер сөзімнің айғағы десе болады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу рәсімінде еліміздегі жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілген мүмкін­діктер мен көрсетіліп жатқан көмектің нәтижесінде ірі бастамалардың сәтті жүзеге асқандығын айтты. Президент «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палата­сы­ның тәжірибесі туралы айтып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл бағдарламаны шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде құру қажеттігін де баса айтты. Тіпті, жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар санын 100 мыңға дейін жеткізу межесін белгілеп берді. Бұл бастаманы толықтай іске асыруға барлық мүмкіндік бар.

Мемлекет басшысы өз сөзінде жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы екенін, Қазақстанның болашағы біздердің біліміміз, энергиямыз бен патриотизмімізге байланысты екенін мықтап айтты. Расында, қай елдің болсын, негізгі қозғаушы күші жастар екені сөзсіз. Қазақтың «Жас келсе іске» деген сөзі осындайда айтылса керек.

Елбасы: «Бизнеспен айналысамын деушілерге жол ашу аса маңызды. Сондай-ақ Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырамын. Жалпы, үш жыл ішінде 300 мыңға жуық жастарымыз бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады. Кем дегенде 80 мың адам немесе олардың төрттен бірі өз кәсібін бастап, ел экономикасына елеулі үлес қосатын болады. Осындай арнайы білім алған мамандар нарыққа дайын стартаптар мен өнімдер ұсынуға тиіс. Бітіруші курстардағы 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулу қажет. Үкіметке бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдары 32,1 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», -деді.

Жас кәсіпкер ретінде бұл бастаманы мен қуанышпен қабылдадым. Және бұл қолдаудың әлі де күшейе түскеніне тілекшімін.

Асылы, арамызда идеясы мықты, бірақ қаражат жағы қолбайлау боп жүрген замандастарым көп. Солардың ой-тілегін тыңдап, арасынан ең озығын таңдап алып, құзыретті орган өкілдері соны іске асыруға қолғабыс танытса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы, қай салада да талантты, алғыр жастар көп. Осының барлығы соларға мемлекет тарапынан дер кезінде көрсетіліп жатқан қамқорлық  деп білемін.

 

Марат ӘЛЖАНОВ,

жас кәсіпкер