4.07.2019, 12:31
Қараулар: 418
Жоба жеңімпаздарына арналған семинар

Жоба жеңімпаздарына арналған семинар

Қаратөбе ауданы орталығында «Zhas Project» жобасы қатысушыларын оқыту бойынша семинар-тренингтің І кезеңі өтуде.   

Семинарға Қаратөбе, Сырым аудандарының «Zhas Project» жобасы жеңімпаздары қатысуда. Төрт күнге созылатын оқыту барысында жастар команда құру, бизнесті дамыту, есеп тапсыру бағдарамаларын үйренетін болады. 

Жастардың әлеуетін арттыру, жұмыссыздықты жою мақсатындағы «Zhas Project» жобасына аудан бойынша республикалық комиссияға 78 жоба ұсынылып, 18 жоба грантқа қол жеткізген болатын. Жобада жеңімпаз атанған 52 қатысушы бүгінгі таңда оқыту курсынан өтуде. Жастарға арналған жобаның талабы бойынша олар алғашқы 6 ай бойы халыққа тегін әлеуметтік қызмет көрсететін болады. Сол қызметтері үшін оларға алты ай 40-60 мың теңге аралығында жалақы төленетін болады.

Жоба қатысушыларының бірі Дәулет Хамзин жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша грант жеңіп алған. Дәулет алған ақшасының алғашқы бөлігіне жылыжай ғимаратын салуды бастап кеткен.

– Жобаға жұбайым, інім, үшеуміз команда болып қатыстық. Биыл алғашқы өнімді алып, тәжірибе шыңдасақ, алдағы жылдары бұл жоспардың да орындаларына сенімдімін. Себебі, ауданда жалғыз жылыжай бар. Естуімше, ол да тұрақты жұмыс жасамайды. Егер өнімді молынан алса, жұртшылық сырттан қияр мен қызанақ тасымас еді, — дейді Дәулет Хамзин.

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы