6.06.2018, 20:22
Қараулар: 238
«Жолымбет» шаруа қожалығы мемлекет қолдауына ие

«Жолымбет» шаруа қожалығы мемлекет қолдауына ие

Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Қаратөбе ауданына сапары барысында Қоскөл ауылдық округіндегі «Жолымбет» шаруа қожалығына аялдап, қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

 

2014 жылы Аққобан Жолымбеттің жетекшілігімен құрылған «Жолымбет» шаруа қожалығының жер көлемі 2000 гектарды құрайды.

Ата кәсіпті жандандыруды қолға алған шаруашылық 2017 жылдан бастап асыл тұқымды ірі қара малын сатып алып, етті мал өсіру шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстануда.

Қазіргі таңда қожалық иелігінде 265 бас ірі қара бар. Оның ішінде 128-і герефорд, 80 бас ірі қара қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры. Асыл тұқымды мал өсіргені үшін мемлекет тарапынан субсидия алып отырған қожалықтың шаруасы ширақ.

«Арпаш» қыстағына қоныс тепкен қожалық жұмысшылары жаңадан салынған тұрғын үй, күн сәулесінен қуат алатын электр құрылғысымен, жазғы сарай, монша, және ұңғымалы құдықпен қамтылған.

Шаруашылығына он қызметкерді жұмыстандырып отырған қожалық жетекшісінің ұлы Серікқали Жолымбетовтың болашақ жоспарларын тыңдаған облыс әкімі Алтай Көлгінов асыл тұқымды мал өсіруді мақсат тұтып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отырған еңбек адамына табыс тілеп, жұмысына оң бағасын берді.

 

 

Серікбай ЖӘЛЕЛҰЛЫ,

Қаратөбе ауданы