21.06.2019, 11:15
Қараулар: 436
Жұмысына тиянақты тәртіп сақшысы  

Жұмысына тиянақты тәртіп сақшысы  

 

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Тыныштық қорғаны, тынымсыз еңбек иелері, тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі.

 

Қоғамдық тәртіптің сақталуына зор үлес қосып, осы салада он жылдан астам уақыт абыройлы еңбек етіп келе жатқан тәртіп сақшыларының бірі – аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің Қаратөбе ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Темірхан Мәтжанов.

Кәсіби мерекеге орай қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген Темірхан Мәтжановты әңгімеге тарттық.

– Қаратөбе аудандық ішкі істер бөліміне қызметке 2008 жылдың қараша айының 20-сы күні кіші лейтенант шенімен кірістім. Орал қаласындағы ҚазИИТУ жоғары оқу орнын заңгер мамандығы бойынша аяқтап, әуелі Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімінде орталық учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, кейіннен учаскелік полиция инспекторы болдым. 2015 жылы Сулыкөл ауылдық округіне қызметке ауыстым. Содан бір жылға жуық уақыттан соң Егіндікөл ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы болып, қазір аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің аудан орталығы бойынша инпекторы қызметін атқарып келемін.

Басты мақсатымыз ауыл тыныштығын қорғау, қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау, ішкі қауіпсіздікті қамту болып табылады.

Биыл бөтеннің мүлкін жымқыру, ұсақ бұзақылыққа байланысты төрт қылмыстық іс тіркеліп, төртеуі де ашылды. Қазір де біраз жұмыстар іске асып жатыр. Жоспарға сай алға қойған міндеттер де баршылық. Бірлесе қызмет жасайтын әріптестерімнен учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нариман Кенжеғалиев пен бөлімнің жасөспірімдер істері жөніндегі инспекторы Жанаргүл Ғарифоллақызының еңбегін айта кеткім келеді, – деді полиция капитаны.

Темірхан Қайырмұханбетұлы Егіндікөл ауылдық округінде қызмет еткен жылдары ауыл әкімімен бірлесіп көптеген іс тындырды. Ауылда өзекті мәселе болған мал ұрлығының алдын алу мақсатында мал бағымын ұйымдастыруға өзіндік үлесін қоса жүріп, ауыл тазалығына байланысты жұмыстарға да көп көңіл бөлді. Ауыл әкімі аппараты мамандарымен бірге жиі рейдтер ұйымдастырып, көшелер мен ауыл іргесінің тазалығының сақталуын қадағалап отырды. Жастарды дәстүрлі емес діни ағымдардан қорғау мақсатында түрлі шаралар, насихат жұмыстарын жүргізді.

Оның осы атқарған тынымсыз еңбегі еленіп, қызметтегі жетістіктеріне сай Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының, аудан, Егіндікөл ауылдық округі әкімдерінің алғысхаттарымен марапатталды. Кіші лейтенанттан капитан шеніне дейін көтерілді.

Темірханның Зайыбы Венера Жеңісқызы аудандық прокуратураның жауапты қызметкері болса, ұлы Болатбек Мұхит атындағы орта мектептің оқушысы.

Өз ісінің шебері Темірхан Қайырмұханбетұлы сынды кәсіби мамандар қатары толыға берсін демекпіз.

 Ерболат РАЙСОВ