6.03.2019, 9:51
Қараулар: 654
Жұқпалы мал ауруының алдын алу маңызды

Жұқпалы мал ауруының алдын алу маңызды

Мал арасындағы жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу өте маңызды. Көп жағдайда ауру адамға малдан жұғады. Сондықтан төрт түліктің саулығын сақтауды көздейтін шаралар дер кезінде қолға алынуы керек.

Бұрындары бұл жұмыстар тендер арқылы жүргізілгендіктен жаздың соңына қарай басталатын. Сол себепті мал арасындағы жұқпалы ауруларға қарсы күрестің кешеуілдеуі тұрғындар көңілінен шықпайтын. «Осы жұмыстар мал жайылымға шықпас бұрын неге жүргізілмейді?» – деген сөз құлағымызға жиі шалынатын. Соның ішінде мал басын сырғалауға байланысты көбірек сын айтылатын. Жұрт айтса айтқандай, екпе жұмыстары күн төбеге шыққан мезгілде, қапырық ыстықта жүргізіліп, сырғаланса оның кері әсерлері болады. Осыдан біраз жыл бұрын аудан орталығында ұсақ малдарға сібір жарасына қарсы екпе салынғаннан кейін дәрі жіберілген жері ісіп, ойық жараға айналып, кейбірінің қойларының сырға таққан құлақтары құрттап, құрт миға түсіп, ақырында мал шығынға ұшырады. Бұл екпенің сапасыздығынан ба әлде жүргізілген жұмыстардың дұрыс болмауынан орын алды ма, себебі бізге белгісіз боп қала берді.

Құдайға шүкір, соңғы кездері мұндай жағдайлардан адамыз. Алдын алу шараларын тендер арқылы жүргізу 2012 жылдан бастап тоқтатылған.

Аудандық ветеринариялық бөлім және ветеринариялық стансасы мамандары осы мәселені төмендегіше түсіндіреді.

– Бұл жұмыстар ақпаннан желтоқсан айына дейін жүргізіледі. Жұқпалы ауруларға қарсы кей екпелермен егілген малды 14-21 күнге дейін қайтара егуге, союға болмайды. Жоспарға сай жұқпалы ауру санатына қарай төрт түліктің бәрі екпемен қамтылуы тиіс. Мал түріне қарай егілетін вакциналарды бір мезгілде енгізу мүмкін емес, сондай-ақ олардың белгіленген уақыты бар. Сол себептен жұмыс созылып кетуі мүмкін.

Мал саны есебінің нақты болуы – аурудың таралмауына бірден-бір кепіл. Көбіне мал иелері жаңа туған төлдерінің құлағына жапсырма сырға тақтырып, дерекқорға тіркетпейді, сойылған, сатылған малдарының сырғаларын алдыртып, есептен шығартпайды. Соның салдарынан төрт түлік саны нақтыланбай қалады. Тек жоспарлы қан алу, егу жұмыстары кезінде ғана сырғаланып, дерекқорға тіркеледі.

Дәрі-дәрмектер мен сырғалар, т.б. мал басына сай жоспарланып алынады. Сондықтан осылардың жетпей қалмауы немесе артық алынбауы үшін нақтылық керек. Алынған төл уақытында дерекқорға тіркетілуі тиіс. Сырғалау жұмысы желтоқсан айының аяғына дейін жалғасады. Өйткені ол малдың төлдеуіне байланысты. Құрттағандары болса оны дер кезінде қарап, ем қолданғандары жөн. Мал иелерінің бәрі бірдей оны түсіне бермейді, – дейді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Кенжебек Аймашев.

Аудандық ветеринариялық стансасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Есенамановтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы жануарларына ветеринариялық алдын алу іс-шаралары (қан алу, жұқпалы ауруларға қарсы егу) жоспарға сәйкес республикалық (жергілікті) бюджет есебінен ақпанжелтоқсан айлары аралығында жүргізілмек. Бұл жұмыстар кезінде мал иелеріне малдарынан қан алғызып, ектіру міндеттелген. Қазір үй жануарлары арасындағы жұқпалы ауруларға екпе салу ақпан айынан басталды.

Ауданда бруцеллезге қарсы қан алу жылына екі рет – 32 700 бас мүйізді ірі-қараға, ұсақ малдарға жылына екі рет – 64 624 бас, жылқы – 51 бас, түйе – 6 басқа жоспарланған. Ақпан айынан бастап ірі қаралардан қан алынып, 2112 бастың қан сарысулары аудандық зертханаға жеткізілген. Зертханалық қорытынды шыққанша малдарды сатуға немесе союға тыйым салынады. Ұсақ малдардан қан алу жұмыстары мамыр айында басталмақ.

Ауыл шаруашылық малдарын бірдейлендіріп, дерекқорға енгізу және төлқұжатын алу жұмыстары мал иесінің өтініші бойынша жүргізіледі.

Бұзау, қозы, лақ, боталар – туған уақытынан бастап жеті күн өткеннен кейін, құлындар – төрт ай толғаннан бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірмей бірдейлендіріледі. Жылқыны сұйық азот немесе күйдіріп басу арқылы таңбалайды. Тері астына құпия сан (чип) орнату – мал иесінің қаражаты есебінен. Құтыруға қарсы ірі қара, қой-ешкі, жылқымен бірге ит пен мысықты, пастереллезге – Зеңгі баба, Қамбар ата төлдерін және ұсақ малдарды, қарасанға – сиыр малы, сібір жарасына қарсы аша тұяқтылар, Ойсылқара тұқымы мен жылқы, туберкулезге – түйе мен ірі қара, эхинококкозге қарсы иттерді вакцинациялау жоспарланған.

Мал ауырып, маманды үйге шақырған жағдайда жұқпалы емес ауруларға ғана қызмет ақылы екендігін, төлемі мал дәрігері қолындағы прейскурант бойынша жүргізілетіндігін айтады аудандық ветеринариялық стансасы басшысы міндетін атқарушы Азамат Есенаманов.

Ветеринария саласы мамандарының жұқпалы ауруларға қарсы жүргізілетін жұмыстар мен бірдейлендіру бағытында берген кеңестері мал ұстайтын ауыл тұрғындары үшін маңызды болмақ.

 

Ерболат РАЙСОВ