5.05.2015, 10:46
Қараулар: 542
Жәнібектің «БАУЫРЖАНЫ»

Жәнібектің «БАУЫРЖАНЫ»

Foto 71


Шәкір Мәжитов — Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, Жеңісті Берлинде қарсы алған жеңімпаз. Әскери тәртіпті санасына сіңіргені, адалдықты, әділдікті ту еткені, тік мінезділігі, бірсөзділігі үшін ауылдастары оны «Жәнібектің «Бауыржаны» дейтін.


1916 жылы Жәнібек ауданында дүниеге келген ол жеті жылдық мектепті бітірген соң ауылдағы, отбасындағы қиын жағдайға қарамастан өзінің еті тірлігінің арқасында Алматыдағы театр мектебіне (студиясына) оқуға түседі. Сонау елдің шетінен келген баланың өнерін, әсіресе, биге икемділігін мамандар бірден байқайды. Бұл бағытта тәлім-тәрбие алғаннан кейін 1936 жылы ол Мәскеуде өтетін Қазақстанның онкүндігіне қатысу үшін баратын делегацияның құрамына енгізіледі. Сөйтіп, ол Мәскеудің төрінде, яғни «Қызыл алаңда» би билеп, шеруге қатысады. Оқу орнын жақсы бітірген бойда әскер қатарына алынады.

Отан алдындағы борышын Сібір әскери округінде өтейді. №133 атқыштар дивизиясының 521-полкінде қатардағы жауынгер-атқыш болады. Көп кешікпей өз әскери бөліміндегі кіші командирлер даярлайтын мектепке қабылданып, одан сержант шенін алып шығады.

Майданда

1941 жыл, 22 маусым. Таң сәріде Сібір әскери округінде де дабыл қағылып, соғыс басталғаны жөнінде хабар таратылды. Сол күннен бастап мұндағы жауынгерлер майданға алына бастады.

1941 жылдың тамызында Батыс майданы шебінде Шәкір Мәжитов бөлімше командирі ретінде соғысқа кіреді. Батыс майданы Мәскеудің батыс жағында орналасқандықтан, №133 атқыштар дивизиясының 521-полкі Смоленск пен Вязьма қалаларының аралығында қорғаныс шебін құрды. Толастамастан жүрген кескілескен ұрыстарда полк жауынгерлері жаумен жан аямай соғысты. Сол шайқастарда екі жақ та үлкен шығынға ұшырады. Иә, сол кезде фашистердің екпіні қатты еді. Түрлі техника, қару-жарақ, жаяу әскер саны көп. Бірақ совет жауынгерлері олардан сескенбестен қарсы тұрды. Бір сарбаз он адамның ісін атқарды. Сол ұрыстардың бірінде Ш. Мәжитовтің бөлімшесі біраз фашистің көзін жойып, үш зеңбірегін иемденді.

Комбат  –  қымбат  адам

Осы ұрыстардың бірінде ол жарақат алады.  Рязаньдағы госпитальда жатып, сауыққаннан кейін, Батыс майданына қарасты барлау батальонының атқыштар взводы командирінің орынбасары болып тағайындалады. 1942 жылы Калуга жерін қорғауға қатысады. Осы шайқас кезінде жас Шәкір өзін нағыз командир ретінде таныта білді.

Взвод командирінің орынбасары Ш. Мәжитов Коломин деревнясын азат ету барысында соғыс тәсілін оңтайлы жүргізіп, немістің екі бірдей зеңбірегі орналасқан орынды басып алды. Ал Сидорики деревнясы үшін шайқаста, өз взводымен жауға тұтқиылдан соққы беріп, қарсы жақтың 2 минометі мен 1 зеңбірегін қолға түсірді. Онымен қоймай, Мәжитов зеңбіректі кері бағыттап бұрып, қашқан жауға өз қаруымен оқ жаудырады. Бұл ерліктері үшін ол алғашқы марапатын алды, яғни «Ерлігі үшін» медалі өңіріне тағылды.

Соңынан Батыс майданына қарасты 49-армияның кіші лейтенанттар дайындайтын курсын тәмамдағаннан соң, 82-атқыштар дивизиясы 210-атқыштар полкінің рота командирі болып тағайындалады.  Көп кешікпей полк құрамындағы батальон команди-рі оған келіп: «Жолдас лейтенант, бұған дейін сіз бөлімшені басқардыңыз. Ал енді қарамағыңызда бұрынғыдан әлдеқайда көп жауынгер бар. Олардың тағдырына сіз де жауаптысыз. Әрқайсысының артында отбасы барын ұмытпағайсыз. Үкімет пен партияның совет офицеріне артқан зор үмітін сіз іс жүзінде абыроймен атқаратыныңызға сенеміз» — деді.

Бұл сөз оған ерекше әсер етті. Кейіннен комбат болып бекітілгенде де, қарамағындағы жауынгерлердің тағдырын ешқашан естен шығарған емес. Сарбаздар да комбатты батырға тән тік мінезі, әділдігі, бірсөзділігі, екіжүзділік пен жалбақтауды жақтырмайтын қасиеттері үшін ерекше сыйлайтын. Бірде полк штабының бастығы мен комбат Ш. Мәжитов арасында қақтығыс туындайды. Қаһарына мінген штаб басшысы кабурасынан тапаншасын суырып алып, комбатқа кезенгенде, сол жерде тұрған жауынгерлердің бәрі өз қаруларының бекітпелерін тартып, штаб бастығына бағыттаған көрінеді. Сан қарудың өзіне кезенгенін көрген штаб басшысы амалсыз кейін шегінуге мәжбүр болған. Шәкір ағамыздың жан жары, ол қызмет атқарған полктің санитарлық ротасында медбике болған Анна Сергеевнаның айтуынша, осы штаб басшысы комбатты одан кейін біраз «аяқтан шалғанға» ұқсайды. Соғыстағы ерлік істеріне байланысты кейіннен Шәкір Мәжитовке Кеңес Одағы Батыры атағын беру туралы ұсыныс жасалғанда, штаб бастығы оның бұл атақты алуына кедергі келтірген сияқты…

«Невскийді»  алған үшеудің  бірі

1944 жыл. Польша жерінде кескілескен ұрыс. 1-Беларус майданына қарасты 69-армияның 247-атқыштар дивизиясы 620-полкінің батальон командирі болып тағайындалған Ш. Мәжитовке Висла өзенінен өтіп, жау плацдармын басып алу тапсырылды. «Ұрыста тұрыс жоқ» демекші, комбат белгіленген уақытта батальонын өзеннен өткізіп, тұтқиылдан шабуыл жасап, жау бекінісін алады. «Бір саусағы жең ішінде бүгулі кеткен» жау бір күнннің ішінде төрт мәрте қарымта шабуылға шы-ғады. Бірақ олар қазақ сардары басқарған батальонның тасқамал қорғанысын бұза алған жоқ. Бұл жөнінде Подольск қаласындағы Ресейдің орталық мұрағатының «Подвиг народа» сайтында «Тов.Мажитов умело организовал огневую систему и отразиль превосходящие силы противника. Нанес большие потери в живой силы и техники. Оставив свыше 17 убытых солдат, противник отступил. Своей смелостью и стойкостью он удержал завоевонный рубеж, измотал при этом силы противника» деп жазылып, ерлігіне сипаттама берілген.

Екі айдан соң оған «Александр Невский» ордені табысталады. Бүгінде Оралда тұратын кейіпкеріміздің баласы Берік Мәжи-товтің сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысы аумағында мұндай марапатқа қол жеткізген тек үш ардагер болса, соның бірі – Шәкір Мәжитов.

Бранденбург бекінісі

Соғыстың соңғы жылы басталды. Қызыл әскердің алдыңғы шебі Алмания жеріне кірді. Кескілескен ұрыс. 247-атқыштар ди-визиясының командирі, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор С. Черняк 244-атқыштар полкінің командирі, подполковник Колесов пен осы полкке қарасты екінші батальонының командирі Ш. Мәжитовке Бранденбург кентінің аумағындағы жау гарнизондарын жоюға бұйрық береді. Бұл гарнизондар Кеңес армиясының Берлинге бағытталған жорығын тежеу мақсатындағы жасалған неміс командованиясының құйтырқы тактикасы болатын.

Өз жерінің тау-тасын жетік білетін жау сан тарау жолы бар жерге бекініпті. Мұндай қитұрқылықтың талайын көрген комбат ол бекіністі тез тапты. Калау-Зоерен-Штрайель деп аталатын бұл жердің біраз бөлігін алып жатқан және бірнеше горнизоннан құралған бекіністің жан-жағынан бақылау жүргізіп, бірнеше темірбетонды доттарды байқайды. Кеш түсіп, көз байланар сәтте ол жаққа қарай барлаушыларды жібереді. Бірнеше сағаттан кейін оралған барлаушылар жау бекінісіне қарай өту оңай еместігін жеткізеді. Себебі, жол бойында ені де, тереңдігі де үш метрге дейін жететін әрі іші сумен толтырылған бірнеше траншеялар қазылып тасталған. Не істеу керек? Өткел немесе көпір жасамай болмайды. Комбат рота командирлерін шақырып алып, тыныштықты сақтай отырып, бүркемеленген күйде айналадағы қираған үй-жайды бұзып, жатқан ұзын темір-терсек, ағаш, өзге де қатты нәрселерді тауып, өткел жасауға бұйрық береді. Түні бойы демалмастан жасалған жұмыс өз нәтижесін берді. Жаяу әскер ғана емес, зеңбіріктер де арғы бетке шығарылды. Жақындап келіп, жау доттарын жоюға қолдағы зеңбіректерінің қауқары жетпейтінін байқаған ол полк басшылығына доттар орналасқан жердің координаттарын жіберіп, ірі калибрлі қарумен атқылауға тапсырыс береді. Көп кешікпей шабуыл басталды. Ініне тығылған тышқандай болған фашистер қарсыласып-ақ бақты. Бірақ болмады. Бастапқыда алпыс адамнан тұратын алғашқы топ берілді. Артынан қалғандары да қол көтеріп шығып жатты.

Осы операцияны сәтті аяқтаған соң, 244-атқыштар полкіне «Бранденбург полкі» атағы берілді. Ал Ш. Мажитов ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен наградталды.

Жауды өз ұясында талқандап, Ұлы Жеңісті қарсы алған Шәкір Мәжитов отансүйгіштігі, ержүректілігі, әскери істегі біліктілігі, жауынгерге деген қамқорлығы үшін «Қызыл Жұлдыз», «Жауынгерлік Қызыл ту», «Александр Невский», ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен және екі мәрте «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін»  медальдарымен  марапатталды.

Өзінің туған жеріне оралған соң, 1946 жылдан бастап Жәнібек ауданында халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек етіп, көпшіліктің құрметіне бөленді.

Зайыбы Анна екеуінен алты қыз бен бір ұл тарады. Бәрі де ата-ана тәрбиесін көріп, жоғары білім алды.

1993 жылдың 27 сәуірінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, отставкадағы майор Шәкір Мәжитовтің үлкен жүрегі мәңгілікке тоқтады…

Өмірден озғанына бір жыл өткенде Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесі мен тұрғындардың ұсынысымен  аудан орталы-ғындағы көшелердің біріне Шәкір Мәжитовтің аты берілді.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар