17.10.2018, 11:25
Қараулар: 41
Ислам діні – тәрбие өзегі

Ислам діні – тәрбие өзегі

16 қазан күні «Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қаратөбе колледжінде ақпараттық-түсіндірме тобының студенттермен кездесуі өтті. Ислам дініндегі тәлім-тәрбиенің маңызын дәріптеген танымдық кездесуден жастар үлкен әсер алды.

 

 

 

 

 

 

 

Колледж жастарымен өткен басқосуда аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев асыл дініміз бейбітшілік пен ынтымақтың ұйытқысы екендігіне тоқталды. Бірлік пен татулықты сақтап, бойдағы иманды күшейкен адам ғана қиянат пен жаман әдеттерден аулақ болатындығын тілге тиек етті.

Кездесуде сөз сөйлеген аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Әмірбек Жәнібеков дәстүрлі дініміз көркем мінезділіктің, тәлім-тәрбиенің діні екендігіне түсінік беріп, жастарды ұстамды, шыдамды болуға, қайырымды, мейірімді болуға шақырды.

Жастардың теріс бағыттағы дін жолына түсіп кетпеуі жөнінде ой қозғаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мейрамгүл Кенжеғалиева «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына тоқталып, теріс діни ағымдарды насихаттау жауапкершілікке әкеліп соғатындығын атап өтті. Жастардың білгісі келетін мәселелері болса мамандарға сұрақ қойып, отырысқа белсенді қатысуға шақырды.

Басқосу соңында «Ата-ананы қалай қадірлеуіміз керек?» тақырыбында бейнекөрсетілім көрсетілді.

Кездесуді қорытындылаған Қаратөбе колледжінің директоры Мәулен Салахаден тағылымды кездесу ұйымдастырған ақпараттық-түсіндірме топ өкілдеріне алғысын білдірді.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы