13.02.2019, 17:02
Қараулар: 34
Кекілбаев жүлдесі жігерлендірді

Кекілбаев жүлдесі жігерлендірді

«…Өлсең де қадіріңді біліп, атыңды ұмытпайтын ел-жұртың мен ұрпағың болса, өлімнің несі үрей, несі қиянат» — деп өзі айтқандай ел-оқырманы ұмытпайтындай асыл мұра қалдырған жазушы Әбіш Кекілбайұлы. 

Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы Маңғыстау облысы, Оңды ауылында дүниеге келген. Оның алғашқы өлеңдер жинағы 1962 жылы «Алтын шуақ», 1965 жылы «Бір шөкім бұлт» жарық көрді.

Халқымыздың басынан кешкен сан қилы ауыртпалығын өз шығармаларына арқау етіп, тарихтан терең қозғаған жазушының «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» романдары оқырман жүрегіне жол таба алды.

«Үркер», «Елең-алаң» романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Сонымен қатар, Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шет тілдеріне аударылды.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің ұйымдастыруымен өткен «Өрімтал» жас тілшілер байқауында осындай ұлы тұлғаның атындағы жүлдені алған сәтте қуанышымды жасыра алмадым. Себебі мұндай жетістік кез-келген жанға бұйыра бермейді. Жүлде алғаннан кейін Әбіш аға туралы ізденіп, газет-журнал, кітап беттерін ақтара бастадым. Әдеби шығармаларымен танысып, әрбір сөйлеген сөзі мен қалдырған өнегесіне көп көңіл бөлдім.

Әбіш аға мемлекет құрушы азаматтардың алдыңғы қатарында болды. Білімді тұлға, сөз шебері нені айтса да тереңінен толғап, қазбалап, дәлелдеп, кешегі мен бүгінгінің байланысы мен келешегі жайлы толғанды. Ағаның осындай бір көрнекіліктері мені тәнті етті.

Әдебиетте өз жолын қалыптастырған хас жазушының шығармалары қашанда ұрпаққа өшпес мұра, өмірлік азық болары сөзсіз.

 

Асылай БЕКЕНОВА,

«Өрімтал» жас тілшілер байқауының

 Ә.Кекілбаев атындағы жүлдегері