28.03.2019, 10:43
Қараулар: 444
Киіз басу дәстүрі жаңғырса игі

Киіз басу дәстүрі жаңғырса игі

Қазақ қол өнерінің өзге ұлттан ерекшелігінің негізі болып киіз басу өнері саналады. Қазір заман ағымына қарай тұрмыс тіршіліктің өзгеруіне байланысты киіз басу өнері кенже қалып барады. Киізді, оның түрлерін соңғы кезде арнайы көрмеден немесе мұражайдан көретін болдық. Ал, сән-салтанатпен жабдықталған киіз үйді тек қана Наурыз мерекесі күні орталық алаңнан тамашалаймыз. Былайғы күні бұл дәстүрді ұлықтап, ұстанып отырған ауыл халқының да сиреп бара жатқаны рас. Осы ретте киіз басу дәстүрін, оның қалыптасу тарихы мен бүгінгі күні қолданыстан ысырыла барысы жайлы тарқатып айтуды жөн көрдік. 

          Киіз басу дәстүрінің қалыптасуы

Көшпелі қазақ халқының баспанасы киіз үй болғаны белгілі. Көшіп-қонуға ыңғайлы, әрі қыста да, жазда да тұрмысқа ыңғайлы болған киіз үйдің негізі киіз болған. Сөз жоқ, киіз басу өнері көне заманнан бүгінге дейін жетіп отыр. Киіз басу да киіз үйдің тұрмысқа пайдалануға келуімен тұспа тұс келгені де анық. Тіпті одан бұрынырақ келген деуге де болады. Оған дәлел киіз үй біздің заманымыздан бұрынғы 3000 жылдықта пайда болды деген деректер бар. Тіпті кейбір деректерге қарап халқымыздың жүнді пайдаланып киіз басу, арқан, жіп есу сияқты қолөнері тарихының әріден басталғанын көреміз.

Киізді халқымыз көшпенді тұрмысының барлық қажетіне жаратты. Мәселен, баспанасына жабынды, басына сая, еденіне төсеніш, үстіне киім, өлісін арулайтын, тірісіне сән-салтанат бағыштайтын аса қажетті тұтыну материалы болды. Халқымыз тарихтағы хандарың да ақ киізге көтеріп тағына отырғызған.

Дегенмен, киіз басу деген оңай орындала салатын іс емес. Ауа райына ыңғайлы мезгіл жаз айларын пайдаланып, машақаты көп жұмысты әйелдер атқарған. Күш пен шыдамдылықты талап ететін жұмысқа үлкен дайындықпен кіріскен.

Әжелеріміздің айтуынша негізінен қойдың күзем жүні таңдап алынады және уақыты келгенде қойды суға тоғытып алып, жүні тазарған соң қырқады. Қырқылған жүн іріктеліп алынып, сабауға жіберіледі. Ол үшін арнайы түзу талдан сабау дайындап алу керек. Жүнді сабау тек ұру дегенді білдірмейді. Оның да әдісі бар. Сабаумен жүнді қопсыта ұрғанда, шаң – тозаңнан айырып, ұйысқан жері жазылып, желкілдеп шыға келеді. Міне, сол кезде ол жүн киіз басуға дайын болады.

Киіз басу өнері кенжелеп барады

Бала кезімде көрші әженің киіз басқанын көп көретін едік. Есік алдында шулап ойнап жүрген біздерді шақырып алып, киіз үстінен тапатып қоятын. Біз болсақ бар ынтамызбен «іске кірісіп», оюы мен жазуы қанық болып шыққанын көріп мәз болатынбыз. Әңгіме арасында көрші «Ертең сендер тұрмысқа шыққанда да осылай аттарыңды жазып, киіз басып беремін» — дейтін. Сол үшін бе, әлде балалық па, әйтеуір бәріміз қаумалап көршінің сарайының қасынан табылатынбыз. Ал, қазір қай ауылдан да осындай көріністі таппайсың, көкейіңде қынжылыс пайдаболады.

Бұрын ауыл баласы үшін киіз басу кішігірім той іспетті. Кәдімгі асар әдісімен ауылдың қыз-келіншектері, апа-әжелері мен ер-азаматтары да белсене кірісетін. Ерлер жағы су қайнатса, келіндер үлкен қазанға ас әзірлейтін, ал апа-әжелер шын көңілдерімен өлең айтып, өздерінің жақсы көңіл күйлерін көрсетіп, киіздің ою-өрнегін салатын. Шындығында, киіз басу ауыл тұрғындарын ынтымақ пен бірлікке шақырғандай. Мұндайда барлығы да бір үйдің баласындай қызмет етуші еді.

Жақында Наурыз мейрамына орай мақала жазғым келіп, киіз баса білетін апаларды іздестірдім. Ауыл-ауылдан сұрастырғанда естігенім «Бұрын басқан болмаса, қазір ондайлар жоқ қой» деген бір ауыз сөз болды. Басқасын былай қойғанда ауыл адамдарының осы бір өнерге үрке қарайтындығы ойға қалдырды.

Тіпті қазір текемет төселген үйді көрсек, тіксіне қарайтын болдық. Алысқа бармай-ақ өз ауылымда киіз текеметтерді үйдің кіре берісіне, аяқ астына төселгенін көремін. Осыған қарап, киіз басу өнері мүлдем жойылып кете ме деген күдік те жоқ емес.

Жылына екі рет малдың жүнін қырыққан ауылдықтар оны қайда жіберерін білмей, өртей бастады. Бұрынғыдай жүнді тазалап, түтіп, ұршықпен жіп иіріп, киім тоқитын әжелер де жоқтың қасы.

Соналы ауылының тұрғыны Әстай Соқатова киіз басу өнерін енесінен үйренгенін айтады. Келін болып түскеніне 55 жыл болған ана осы уақытқа дейін текеметтерін өзі дайындаған. Сонымен қоса, келіндері мен қыздарына, ауыл келіншектеріне үйреткен.

– Мен текеметтеріме қошқармүйіз, сынықмүйіз сынды оюларды салатынмын. Кейде балаларымның атын жазып сәндеймін. Қазір солардың кейбірі бар, бірақ басым бөлігі ескіріп қалды. Үйдегі киіздерімді жинап қойдым. Бүгінде заман талабы деп киіз төселмейді ғой. Бірақ қой қырқылған уақытта әлі де киіз басуға дайынмын. Үйдегі келінім де көмек көрсетеді. Киіз басу науқаны үлкен мереке іспетті.  Киіз басудың кәнігі шебері болып алған апалар басты жауапкершілікті өздеріне алса, бұл өнермен енді-енді танысып жүрген жас келіншектер су ысытып, қажетті құралдарды дайындап, әйтеуір, сол қызу тірліктің ішінде жүреді. Екі-үш жылдан кейін көрсең, олардың да әжептәуір киіз басуға жаттығып қалғанын байқайсың. Соған қарап бұны ауылдағы кішігірім өнерге баулу мектебі екен ғой деген ойға келесің, — дейді жетпіс екі жастағы Әстай әже.

Бірнеше басқосуларда кенде қалып бара жатқан төл өнерлерді қайта жаңғыртуға байланысты мәселе көтеріп жүрген жандардың бірі М.Мералиев атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Меңдешов «Биылғы Жастар жылында және Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясындағы жастарға ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін шаралар ұйымдастырылса» деген пікірін айтып жүр.

–  Қазір күні  ұлттық нақыштағы шағын кәде-сыйларды сататын жерлер саусақпен санарлық. Ал егер қолөнер шеберлері бір жерде жұмыс істеп, қолдан шыққан дүниелері де бір жерде сатылып жатса, бағасы да қазіргіден гөрі едәуір төмен болар ма еді?! Қой жүні әр ауылда бар. Бірақ оны жаратып жатқандар аз. Асса, көрпе ішіне салып, иіреді. Болмаса, өртеп жібереді. Кенде қалып бара жатқан киіз басу өнерін біз де кейінгіге жеткізе білуіміз керек. Ұлттық өнерімізді қолға алмасақ, басқа ұлттың меншігінде кетері анық, — дейді Нұрлан Меңдешов.
         Ауданымызда киіз басатын орын болмағанымен, Қоржын ауылында екі жыл бұрын қой қырқу пункті ашылған болатын. Қазіргі таңда қырқылған қой жүндерін облыс орталығы мен Ресей мемлекетіне тасымалдайды.

Ал, аудан орталығындағы «Диана» жеке кәсіпкерлігі жүн түтумен, көрпе жасаумен айналысады. Өз қолымыздағы осындай мүмкіндіктерді пайдаланып киіз басудан шеберлік сыныптары өткізілсе, төл өнеріміздің қайта түлеуіне үлес қосар едік.
Ата-бабамыз бар ғұмырын төрт түлік малға арнап, сонымен жан бақты. Терісінен шалбар, тон, кеудеше, ішік тіксе, жүнін иіріп, төсеніш, текемет, тұскиіз, сырмақ, бөстек, аяққап, кебеже, байпақ секілді дүниелерді жасап, қажетіне жарата білген қазақ халқының шеберлігіне таңғалмау мүмкін емес. Әйтеуір, қолда барды ұқсатып, игерудің жолын іздестіріп, насихаттап жүрген шеберлерімізді уақыт өте келе таппай қалмасақ екен.

Ажаргүл ӘЛИЕВА