20.03.2019, 18:18
Қараулар: 74
  Колледждегі  Наурыз думаны

  Колледждегі  Наурыз думаны

         Бүгін  аудандағы кәсіптік бағдар беретін бірден-бір  білім ордасы Қаратөбе колледжінде Наурыз мейрамы театрландырылған мерекелік көріністермен ерекше аталып өтті.

 

 

 

 

 

 

 

Үлкен шығармашылық ізденіспен жұмыс жасайтын колледж  ұжымында Наурыз тойы жыл сайын дәстүрге сай жоғары деңгейде тойланып келеді.

Мерекелік салтанатты шараны колледж директоры Мәулен Аманшаұлы құттықтау сөз сөйлеп ашты. Колледж ауласындағы алаңға жиналған жұртшылықтың қарасы көп болды. Алаң төріндегі ақшаңқан киіз үй, безендірілген мерекелік  сахна, ауыл қариялары жайғасқан орындықтар  алыстан  көз тартады. Мерекелік сауда-саттық та ұйымдастырылған.

Ұлттық салт- дәстүрімізден хабар берер сәбиді бесікке салу көрінісі көрермендер көңілінен шықты. Алаңда мерекелік шашу шашылып қонақтарға наурыз көжеден  дәм татырылып, бауырсақ пен шелпек ұсынылды, жамағатқа жағымды ниеттер  айтылды.

 

 

 

 

 

 

 

Наурыз мерекесінің қызықтарын тамашалауға келгендер алаң төріндегі киізүйдегі дастарқаннан дәм-татып, жылы лебіздерін арнады. Сахнада ән шырқалып, тамаша билер көрініс тапты. Лоторея билеттері ойнатылды. Бірнеше турдан тұрған лоторея ойынына сан түрлі көптеген ұтыс тігілген. Бір ғана билет сатып алған Шөптікөл ауылының тұрғыны  Мейрамгүл Оржанова бағына қарай  соңғы үлгідегі  смартфон ұтты. Сатылған билеттердің басым бөлігі ұтысқа шыққан.

—  Бүгінгі мерекелік шара керемет өтті. Колледж ұжымы наурыз мерекесін жақсы ұйымдастырады.  Бүгінгі  ұтысыма қуаныштымын. Билет суырған кішкентай баланың тілегі тілекші демекші, смартфон ұттым. Мереке мерекеге ұлассын. Ұлыстың Ұлы күні –  Наурыз мейрамы құтты болсын!, — дейді жерлестеріне мерекелік ақжарма тілегін арнаған шөптікөлдік Мейрамгүл Оржанова.

Мерекелік мәдени шарада Қыдыр ата келіп,  жиналған жұртшылыққа бата берді.  Ұлттық  спорт түрлері  қазақ күресі, арқан тартыс, қол күресінен жарыстар өтті. Түйе палуан атағын өзгеге дес бермеген қаратөбелік жас палуан Мирас Жеңісов иеленді. Командалар арасындағы арқан тартыс  өте тартымды болды.  Шөптікөл ОЖББМ-нің командасы мықтылық танытып, жарыс жеңімпазы атанды.

Жарыстар бойынша жеңімпаз атанғандарға аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Эльдар  Амантаев сыйлықтар табыстады.

Мерекелік шараға орай ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Марат Тажаяқов ұйымдастырған  концерттік бағдарлама көпшілікті бір серпілтіп тастады.

Ауыл ақсақалы, ішкі істер органының ардагері Қуаныш Мәжитов, мерекелік той думанды үлкен ұйымшылдықпен жоғары дәрежеде ұйымдастырған колледж  директоры Мәулен Аманшаұлына және  ұжым қызметкерлеріне ауыл тұрғындары атынан ризашылығын жеткізді.

 

Ерболат РАЙСОВ,

                                                                                    Қаратөбе ауданы