2.11.2018, 10:03
Қараулар: 65
Кітап оқымаған ұлттың келешегі жоқ

Кітап оқымаған ұлттың келешегі жоқ

Басқалардан ерек болғыңыз келе ме?

Онда кітап оқуды бастаңыз.

Кітап оқу – өнер. Әр адам өз мамандығына орай, жалпы қызығатын, құмартатын тақырыбына, талғам-талабына, қабілетіне қарай толассыз шығып жатқан қыруар өнімдер тізбегінен қажетті кітаптарын таңдай білуінің өзі –өнер. Бірақ біздің заманымызда, әсіресе дәл қазіргі қомдасқан қауырт кезеңде ғасырлар бойы адамзат ақыл-ойы тудырған қисапсыз рухани байлықты түгел санаңа сіңіріп, жан-жақты білімдар болу оңай шаруа емес. Мұндайда тек талғам таразысы ғана сүбелі сөзін сұрыптай алады. Бүгінгі оқырман қандай кітап оқиды? Осы сұрақтарға жауап алу үшін аудандық орталықтандырылған кітапханаға барғанбыз.

 

 

Бүгінгі таңда аудандық орталықтандырылған кітап-ханалар жүйесі бойынша 20 кітапхана 238302  дана кітап қорымен жұмыс жасауда. 2014 жылы желтоқсан айында Сулыкөл, 2015 жылы шілде айында Жусандыой ауылдық кітапханаларына модельді кітапхана статусы берілді. Жалпы мерзімді басылымдар  бойынша 46 түрлі газет-журнал келеді. 126 орындық оқу залында үздіксіз іс-шаралар өткізіліп, кітап көрмелері ұйымдастырылып жатады.

– Аудандық кітапхана оқырмандарының басым бөлігін мектеп оқушылары мен зейнет жасындағы адамдар құрайды. Олар үнемі жаңа келген кітаптарды қызығушылықпен оқиды.

Мектеп жасындағылар өз сабақтарына қажетті әдеби кітаптарды іздеп келеді. Тұрақты оқырмандарымыздың қатарында зейнеткер ұстаз Халық Наурызалин, Зәуреш Нұрғалиева,  Қайрат Бадақов бар, — дейді аудандық кітапхана қызметкері Нұржауған Каримова.

Кітапхананың оқу залы түрлі жанрдағы кітаптарға толы. Сыртқы мұқабасынан бастап көз тартатын кітаптар сөреде тізіліп тұр. Алайда, осындай орыннан оқырмандарды таппадым. Әр барғанымда байқайтыным, оқу залында тек 2-3 адам отырады. Олар – зейнетке шыққан аға буын өкілдері. Кітапханашылардың  айтуынша, кітапханаға жастар мүлде бас сұқпайды.  Бұл дегеніңіз жастардың кітап оқымайтындығын білдіре ме? Әлде, іздеген кітаптарын таппайды ма?   Мүмкін, кітапхана ұжымының тарапынан оқыр-мандарды тартуға жұмыс аз ба? Бұл сауалға да жауап іздедік.

Биылғы жылы аудандық кітапханада 253 көпшілік шара өткізіліп, оған 4611 оқырман қатысқан. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, жаңашылдықты қалап тұратын кітапхана шараларына мен куә болдым. Әркез өткізілген шарада жаңа кітаптар таныстырылып, рухани азық алып шығамыз. Кітап көрмесіндегі жаңа туындыларды оқығанша асық боласың. Алайда, аталмыш шаралардан тағы да жастар көрінбейді.  Жоғарыда айтылғандай жиырма үш мыңнан асатын кітап қоры бар кітапханадан іздеген нәрсені таппау әсте мүмкін емес.

Осындағы «кітап кеміргіштердің» қатарында Өрлен Әліпқалиев та бар. Өрлен Назашұлының аудандық кітапханада техникалық қызметте жасағанына 36 жыл уақыт болған.

Кітапхана қорына алғаш түскен кітаптарда Өрлен аға оқып бітірмей тыншымайды екен. Кітапханадағы кітаптардың барлығын дерлік оқып түгес-кен Өрлен аға қазіргі уақытта жақында келген Зейнеп Ахметованың кітаптарын оқу үстінде.

– Мен көбіне тарихи кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Еліміздің тарихын, ата-баба ерлігін оқып, балаларымызға айтып отыру – біздің басты борышымыз.

Заманның талабы солай болар, қазір жастардың көбі телефон, компьютер деген нәрселерге әуес. Ол үшін жастарға кінә артуға болмайды. Бірақ, кітаптан алған білім қашан да құнды. Кітап ешқандай теріс энергия бермейді. Керісінше, мидың демалуына әсер етіп, рухани азық береді. Сондықтан да, қай заманда болмасын кітаптың орны бір бөлек, — дейді Өрлен Назашұлы.

Оқырмандар бұл жерде кітап  оқып қана қоймай, сыйға әкеліп беріп те жатады. «Бір ел — бір кітап»   акциясы аясында тұрақты оқырман Болат  Абиратұлы жеке кітапхана қорынан аудандық орталық кітапханаға құнды 76 кітап тарту еткен.

Аудандық орталық-тандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбану Бердіғалиеваның айтуынша, жастардың барлығы кітапхана-ға бармауының себебін уақыттарының тапшылығымен түсіндіреді. Күндіз жұмыста боламыз, ал кешкісін кітапхана жұмыс жасамайды дейді жастар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін алдағы уақытта кітапхана жанынан коворкинг орталықты ашу жоспарлануда. Орталық жастар үшін кешкі уақытта жұмыс жасап, ғаламторға қосылған компьютерлермен, теледидармен жабдықталмақ

. «Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын», – депті атақты  жазушы Максим Горький.  Кітап оқудан қалған ұлт, әсіресе, жас ұрпақ орны толмас ауыр рухани жұтаңдыққа ұшырап, азғындыққа құламай қоймайды. Демек, ол көрсоқыр, надан елге айналады. Егер біз кітап оқудан тыйылсақ, онда ой ойлаудан да, айналамыздағы құбылыс-тарды талдау, барлау, болжау, бағамдау қабілетінен де, адамгершілік, кісілік қасиеттен де, тіпті құнды ұтқырлық атаулының бәрінен де айырыламыз. Сонда төрт аяқты малдан адамның айырмасы қандай дәрежеде болмақ? Азғындық пен жұтаудың сан қилы түрін бір сәтке болса да, көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұл, сөз жоқ, қауіпті және өкінішке апарары анық.

Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісі-нің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Сондықтан заман ағынымен жүреміз деп құндылықтарымыздан айрылып қалмайық!

 

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

«Қаратөбе өңірі»