4.06.2015, 7:26
Қараулар: 85
Кәсіпорынның жұмысы қарқынды

Кәсіпорынның жұмысы қарқынды

03


Биылғы жыл басында жұмысын бастаған «Орал трансформатор зауыты» ЖШС арада өткен 5-6 ай ішінде жұмыстарын біраз ширатып-ақ тастаған екен. Біз мұны сейсенбіде облыс әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен өткен пресс-тур кезінде анық байқадық.


Бізді аталған өндіріс орнында қарсы алған кәсіпорынның басқарушы директоры Асқар Ажаев жұмыстың ауқымды бөлігі ат-қарылатын цехқа бастап апарды. Бұл цех қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және мұндағы жұмыстың барлығы автоматты түрде атқарылады екен. Цехта жергілікті колледж студенттері тәжірибе жинақтау үшін жұмыс істеп жүрді. Директордың сөзінше, колледж студенттерін машықтануға тарту арқылы кәсіп- орын өздеріне маман жұмысшылар даярлау қамына қазірден кірісіп кеткен.

Асқар Советұлының айтуынша, бұл зауыт – «Alageum Electric» отандық электротехникалық компаниясының кезекті инвести-циялық жобаларының бірі. Жоба бойынша бұл кәсіпорын электр қуатын таратып, реттеуші құрылғыларды, яғни кернеуі 6-10 кВ болатын күштік трансформаторларды жасаумен айналысады. Кәсіпорын жұмысын 2014 жылдан бастағанымен, алғашқы жылы ғимаратты зауытқа лайықтап, қайта жасақтау жұмысы жүргізілді. Өнім шығаруды жыл басынан бастап қолға алған кәсіп-орын бүгінде тауарларын Ресейге экспортқа шығарып та үлгерген.

— Бұл жобаның жалпы құны 6,3 млрд. теңгені құрайды. Соның 3,7 млрд. теңгесі компанияның өз қаражаты, ал қалған 2,6 млрд. теңгені «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша несиеге алдық. Қарызға алған қаржыны осындай ірі инвестициялық жобаларды қолдап отырған мемлекет қамқорлығының арқасында 7 пайыз мөлшерлемемен төлейміз. Бұл — біз үшін үлкен көмек.

Биыл жыл басынан бастап өнім өндіруді қолға алған зауыт сәуір айында 300 трансформатор даярлап, оларды көрші Ресейге экспортқа шығарды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін 3000 дана трансформатор шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Әзірге өнімдерімізді тек Ресейге ғана шығара аламыз, болашақта ЕЭО-ның өзге де елдеріне экспортталмақ. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Трансформатор даярлауға қажетті шикізатты біз негізінен Ресейден алып отырмыз. Отандық өнер-кәсіпті қолдау үшін кейбір металл түрлерін Қарағандыдан да сатып аламыз. Жалпы, зауыт өнімдерінің 90 пайызы Ресейге экс-портталмақ. Бүгінде зауытта бір үлгі жобадағы жеті цех жұмыс жасауда, оларда трансформатордың ондаған түрі даярланады. Кәсіпорында бүгінгі таңда 150 адам жиырма шақты мамандықта жұмыс істейді. Жұмысшылардың 100-і – жергілікті тұрғындар, олардың еңбекақылары орта есеппен 150 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта өндіріс аясының кеңеюіне қарай тағы да жұмысшылар қа-былдайтын боламыз. Қазіргі кезде бірқатар жұмысшы Кентау политехникалық колледжіне барып, қысқа курстан өтіп келді. Бүгінде олар өз әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, білгендерін үйретуде. Жақында аталмыш колледжден тәжірибелі маман алдыруды көздеп отырмыз. Өйткені жастар жұмыс орнында жүріп үйренсе, өз ісіне тез маманданып алады. Зауыт толық қуатына, бұйырса, 2017 жылы шығады деп күтілуде. Сол кезде кәсіпорынның өндіріс ауқымы артып, жылына 100 миллион долларға 12000 дана трансформатор шығаратын болады.

Осы шаруаны атқару үшін зауытта сол кездері 600 адам жұмыс істейді деп күтілуде, — деген Асқар Советұлы кәсіпорын құрылтайшыларының қашан да Елбасы саясатын басты назарда ұстайтынын жеткізді.

Басқарушы директордың сөзінше, зауыт әзірге ғимараттың 49 пайызын пайдалануда. Болашақта жұмыс ауқымы артып жатса, компания “Омега” прибор құру зауыты” АҚ-ға қарасты ғимараттың қалған бөлігін де сатып алуға дайын. Ғимараттың қалған бөлігі зауыт еншісіне тисе, компания басшылығы алдағы уақытта төмен вольттық аппаратуралар жасап шығаруды көздеп отыр.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар