2.07.2015, 7:00
Қараулар: 220
Көкпар тартып, ЖАМБЫ АТТЫ

Көкпар тартып, ЖАМБЫ АТТЫ

_DSC0081


Орал қаласының іргесіндегі Асан ауылының маңындағы атшабарда  (ипподром) ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасындағы ел біріншілігі өтті. Аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату және көкпар бойынша өткен жарыс 6 күнге созылды. Жарыстың соңғы күні көкпардан үздік шыққандардың жүлдеге таласын өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың өзі келіп тамашалады.


Осы жарыста қола медальді облысымыз бен Жамбыл облысының командалары сарапқа салды. Тартысқа толы жарыс қорытындысында 5:2 есебімен жеңіске жеткен жамбылдық жігіттер ел біріншілігінің қола жүлдесіне ие болса,  бірінші орын  үшін таласқа түскен қызылордалықтар мен оңтүстікқазақстандық көкпаршылардың сайысында Шымкенттен келген жігіттердің мерейі үстем болды. Аударыспақта сайысқа түскен жігіттер арасында 50 келіде оңтүстіктің өрені Еламан Пернебек жеңіске жетсе, 60 келіде қызылордалық Бердібек Жорабек, 70 келіде ақтөбелік Шыңғысхан Ержанов, 80 келіде оңтүстіктің тағы бір өрені Есімхан Рахматулля үздік шықты. Ал 80 келіден жоғары аударыспақшылар сайысында Ақтөбенің намысын қорғаған Саят Сатым ел чемпионы атанды. Сондай-ақ теңге ілуде ақтөбелік Әлихан Бәшенбай үздік деп танылса, жамбы ату сайысында Оңтүстік Қазақстан облысының мергені Ералхан Айкөз жеңімпаз атанды.

Жарыстың жабылу салтанатында облыс басшысы Нұрлан Ноғаев: «Бұл біріншілік тек спорттық сайыс қана емес, жоғалтқанымызды тауып, барымызды бағалатқан сайыс, рухымыз бен дәстүрімізді жаңғыртқан сайыс.

Құрметті спортшылар, сіздер аттың үстінде жай ғана отырған жоқсыздар. Сіздер, кешегі батырлардан қалған, қазақтың қанына сіңісті болған, аттың жалында отырып рухын, намысын, күшін, қуатын, ептілігін айқындайтын осындай бір ғажайып дүниенің жалғастырушысыздар. Ұмыт бола бастаған ұлттық спортымыздың құтқарушысысыздар», — деп барлық командаларға ризашылығын білдірсе, ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Рамазан Сәттібаев жарыс ұйымдастырушыларына алғыс айтып, өңір басшысы мен біріншіліктің өтуіне септігін тигізген барлық азаматқа ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Бекболат Тілеуханның алғысхаттарын тапсырды.

Алты күнге созылған осы жарыс барысында өздерін жақсы қырынан көрсете білген спортшылар ұлттық құрама сапына алынатын болады.

Түгелбай БИСЕНОВ,

Зеленов ауданы