5.03.2019, 10:00
Қараулар: 20
Көпшілік ілтипатына бөленген

Көпшілік ілтипатына бөленген

Ел алғысына бөлену – үлкен құрмет. Алғысқа әбден лайық жандардың бірі – көпбабалы ана, өнегелі еңбегімен танылған зейнеткер Дәнекер Құрметова.

Аудандық байланыс торабында 20 жылға жуық аудан тұрғындарына күнделікті газет-журналдармен қатар хат-хабар жеткізіп, көптеген жанұяларды қуанышты хабарға кенелткен Дәнекер Құрметқызы бүгінде өзі ауылдастарының алғысына бөленген еңбекқор ана, немерелерінің сүйікті әжесі, елге сыйлы жан. Қызмет еткен кездерінде еңбегі еленіп, зор сенімге ие болған Дәнекер апа бірнеше рет аудандық, ауылдық кеңестердің депутаттығына сайланды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиындықтарды елмен бірге көріп, мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлесін қосқан сала ардагері Қазақстанныңқол жеткізген жетістіктеріңің бәрі Елбасы мен оның жасампаз халқының бірлігінің жемісі, жастарды отаншылдық пен еңбекқорлыққа баулу, сапалы білім мен саналы тәрбие беру аға ұрпақтың міндеті мен қастерлі борышы екендігін алға тартады.

– Алғашында балабақшада 12 жылдай, кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық байланыс торабында ұзақ жылдар қызмет жасадым. Жұмысым өзіме өте ұнайтын. Пошташы сөмкесін иыққа асынып, ауыл тұрғындарына түрлі басылымдармен қатар хат тасыдым.

Ол кездерде ауданға ұялы байланыс жете қоймаған еді. Интернетті де кез келген адам пайдалана алмайтын. Сондықтан ауыл халқы көбіне хат арқылы хабарласып тұрғандықтан, хат жер-жерден қапшықтап келетін. Ауылдастарыма хат апарып, онда жазылған қуанышты жайттарға байланысты алғысқа бөленген күндерім де аз болмады. Ата-ананың әскердегі ұлынан не жырақта білім алып жатқан балаларынан хат алып, қуанышқа бөленіп, ризашылықтарын білдірген сәттерде қуанышқа кенелген жандармен бірге менің де көңілім бір көтеріліп қалатын. Өйткені оны еңбегімнің жемісі іспетті сезініп, іштей риза болатынмын.

Еңбек демалысына шыққан не болмаса түрлі себептермен қызметте болмаған күндерімде ауылдастарым мені іздеп, сұрап жататын. Бұны жерлестерімнің қарапайым еңбек иесіне деген жылы ілтипаты деп сезінетінмін.

Қызмет жасаған мекемем «Қазпошта» АҚ Қаратөбе аудандық филиалы мен облыстағы ұжымдар тарапынан сала ардагері ретінде үнемі құрмет көрсетіліп келеді. Осылай еңбегімізді елеп, сыйлап, қамқорлап отыратын бұрынғы әріптестеріме және аудан халқына алғысым шексіз. Мереке құтты болсын, – дейді жақында 70 жасын тойлаған ақ жаулықты әже Дәнекер Құрметқызы.

 

Ерболат РАЙСОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі