20.02.2019, 16:48
Қараулар: 686
«Мейірімді көктем» акциясы жүзеге асырылмақ

«Мейірімді көктем» акциясы жүзеге асырылмақ

БҚО бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Мейірімді көктем» акциясы Қаратөбе ауданында да қолға алынбақ. Бұл туралы бүгін аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан актив жиналысында айтып өтті.

         Аталмыш акция аясында көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға, жалғызбасты жандарға көмек көрсетілетін болады.

–   Наурыз – бұл игіліктің, бақыттың, қуаныштың, махаббат пен қамқорлықтың көктемгі мерекесі. Сондықтан, бұл күндері игі істер өте қажет, әсіресе мұқтаж жандарға. Көктемнің басында біз «Мейірімді көктем» акциясын қолға алып, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсететін боламыз.  Бұл акцияны  алдымен өзімізден бастап,  жерлестеріміз бен жергілікті кәсіпкерлерді тартуымыз қажет. Сондай-ақ мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында Наурыз мерекесіне арналған қайырымдылық шаралары ай бойы өткізілетін болады.  Алайда, біз тек бір көктеммен шектелмей, әлеуметтік осал топтарға әркез көмек көрсетуіміз қажет. Арнайы бекітілген жоспар бойынша шараларға мекемедегі қызметкерлеріңізбен белсене қатысуға шақырамын, — деп үндеу жолдады аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы жиында.

Аудан әкімі орынбасарының үндеуіне қолдау білдірген бөлім басшылары өз ұсыныстарын айтты.  Қайырымдылық акциясы аясында өткізілген шаралар жергілікті басылым беттерінде насихатталатын болады.

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы