11.03.2019, 9:54
Қараулар: 337
«Мейірімді көктем» – мейірлі жастар

«Мейірімді көктем» – мейірлі жастар

Наурыз айынан бастап жарияланған «Мейірімді көктем» акциясы аясында аудан орталығы мен ауылдық округтерде қызу жұмыстар басталып кетті.

Округ жастарының бастамасымен Сулыкөл ауылдық окру­гі­нің мекеме қызметкерлері және ауыл жастары еріген қар суы басу қаупі бар мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар, жалғызбасты зейнеткерлердің үйлерін аралап, аулаларының ішісыртындағы қалың қарларын тазалап, көмектерін көрсетті.

Қаракөл ауылдық округі жастарының ұйымдастыруымен қарттарға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек көрсету мақсатында мал азығын, жемшөбін дайындап, үйлерінің ішін әктеп, жинақтау жұмыстарын жүргізіп, ауыл ақсақалдарының ақ батасын алды.

Ал жусандыойлық жастар – қашан да көпке үлгі, игі бастамалардың жаршысы. Ауылдың қыз-жігіттері «Жан жылуы» қайырымдылық концертін беріп, түскен қаржыны аз қамтылған отбасыларға таратты.

– Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балалар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына мерекелік көңіл күй сыйлау жоспарда бар. Сондай-ақ қайырымдылық концертін басқа округтерге де ұйымдастырмақшымыз, – дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың Жусандыой ауылдық округі бойынша жастар жетекшісі Дулат Қадырұлы.

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА